Дауыс беру – әр азаматтың борышы

Дауыс берушілердің тізімінде 11 млн 800 мыңнан астам қазақстандық бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл 1 шілдедегі жағдай бойынша Орталық сайлау комиссиясы осынша адамды электронды реестрге енгізген. Қаншасының азаматтық-саяси ұстанымын білдіретіні алдағы сайлау күні белгілі болмақ. Астаналық зиялы қауым өкілдері халықты сайлауға шақырып, азаматтық-саяси ұстанымды білдіруге үндейді. Дәрігер-пульмонолог Серік Оразбаев алдағы сайлауға міндетті түрде қатысатынын айтады. Ақ халатты абзал жанның пікірінше, ел тағдырына ықпал етер маңызды шешімді өзге емес, халықтың өзі қабылдауға тиіс.

Cерік Оразбаев, дәрігер-пульмонолог:

- Елімізде медицинаның ары қарай дамығанын қалаймын. Саланы цифрландырып, ауыл-аймақтағы дәрігерлік қызметті қол жетімді етсек деймін. Сонымен бірге телемедицина саласына мән берілсе жақсы болар еді. ​Елдің тағдыры шешілетін сәтте әрбір азамат өзінің ұстанымын білдіріп, сайлау күні дауыс беруге тиіс

Иә, мемлекетті басқару ісі қай сала болмасын оны өрбітуде саяси-экономикалық тұрғыдан ұтымды шешім қабылдауды міндеттейді. Зиялы қауымның пікірі де осыған саяды.

Ғарифолла Есім, Ұлттық құрылтай мүшесі, академик:

- Біз өзімізді өзіміз алып шығатын ел болуымыз керек. Сол үшін сайлау керек. Сайлауға міндетті түрде қатысу керек. Сайлауда мықты Президентті сайлап алуымыз керек!

Төлеген Мұхамеджанов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

- Міндетті түрде бәрін тастап, өзіңіздің таңдауыңызды жасап, сайлауға барыңыз. Сайлауға қатысыңыз. Өзіңіздің азаматтық борышыңызды халықтың алдында өтеуіңіз керек. Мен осындай көзқараспен қабылдаймын. Сондықтан баршаңызды осы сайлауға қатысып, дауыс беруіңізді өтінемін!

Дауыс беру күні Елордада ұзын саны 406 сайлау учаскесі ашылмақ. Белгілі бір себептермен қалада тіркелмеген азаматтар 23 учаскеде бір реттік тіркеуден өтіп, дауыс бере алады. Учаскелердің тізімі қалалық әкімдіктің сайтында көрсетілген.