Оралда 505 сайлау учаскесі дайын

Саяси науқанды өткізуге облыс бойынша 800 млн теңге бағытталып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаражаттың 90%-і сайлау комиссиясы мүшелерінің жалақысына жұмсалмақ. Облыста 505 дауыс беру учаскесі дайын. Оның 123-і Оралда орналасқан. Әскери бөлімше, аурухана, тергеу изоляторларында 14 жабық учаске жасақталған.

Ғайса Қапақов, облыстық Сайлау комиссиясының төрағасы:

- 3259 сайлау комиссиясының мүшесі бар. Олардың бәрі кәсіби тұрғыдан дайындық жұмыстарынан өткізілді. 19 шетелдік байқаушылар қатысу керек. Бұрын ЕҚЫҰ кезінде БҚО-ға 3-4 байқаушы келетін еді, қазір 16 кісі келейін деп отыр. ТМД-дан де кісілер келеді. 

Сайлаушылар дәл сол күні бағалы сыйлықтарға ие бола алады. Жастар ұйымының бастамасымен акциялар ұйымдастырылып жатыр. Соның ішінде дауыс беру учаскесіне алғаш келген тұрғындар сыйлықсыз қайтпайды.

Мұхтар Дәулетжанов, қалалық Сайлау комиссиясының төрағасы:

- Тағы бір ерекшелігі, сайлаушылар дауыс беру жәшігінің қасында суретке түсіп, әлеуметтік желіге жүктесе болғаны, ұялы телефон ұтып алу мүмкіндігі бар. Бұған қоса, әрбір сайлау учаскесінде алғашқы сайлаушы, ең жас сайлаушы, жүзінші сайлаушы, бес жүзінші сайлаушы деген аталымдар бойынша сыйлықтар беріледі.

Сайлауға қатысуға құқығы бар кез келген адамның дауыс беруіне қолайлы жағдай қарастырылған. Саяжай тұрғындары үшін түске дейін арнайы автобустар қатынайды. Ал мүгедектер жандарды 35 инватакси тасымалдайды. Сонымен қатар тұрғылықты мекен-жайы бойынша тіркелмеген азаматтар үшін 5 сайлау учаскесі дайындалған екен.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов