Сайлаушы нені білуі керек?

Сайлауға баратын адам нені қаперде ұстауы керек? Заңгерлер әр дауыс беруші өз құқығын жақсы білуге тиіс деп отыр.

Жалпы сайлауда дауыс беруге 18 жасқа толған  Қазақстан азаматы қатыса алады. Тек заң бойынша, істі болған немесе бас бостандығынан айырылған азаматтардың  дауыс беруге құқығы жоқ. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, 11 миллионнан астам қазақстандық сайлаушылар тізіміне енгізілген.  Ел азаматтары саяси шараға тең негізде қатысады және олардың әрқайсысы бір дауысқа ие болады. Яғни, әркім өзі үшін ғана дауыс береді.

Марат Бәшімов, заңгер:

- Сайлаушы өз құқықтарын білу керек. Мүгедек адамдарға мемлекет өзі көмектесіп отыр ғой. Құқықтары бар. Сайлау комиссиясына өтініш берсе, сайлау комиссиясы келіп міндетті түрде оған көмектесу керек. Өз жауапкершілігін білу керек. Ешкімге кедергі жасамау керек.

Сайлау учаскесіне келген соң, оған қатысуға құқығы бар азаматтардың тізіміне қол қоясыз. Сол жерде бюллетень беріледі. Бюллетенді жасырын дауыс беруге арналған кабинада толтырасыз. Оған тек бір өзіңіз ғана кіресіз. Бюллетеньге қарындашпен белгі қоюға, сондай-ақ оған қандай да бір түзетулер енгізуге жол берілмейді. Яғни, бөгде таңба түссе, бюллетень жарамсыз деп  есептеледі.

Бақыт Бектемісова, Астана қаласы бойынша аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы:

- Түрлі жағдайларға байланысты тұрғылықты мекен-жайы бойынша әлі тіркелмеген тұрғындар бар. Оларға да сайлауға қатысуға мүмкіндік қарастырылған.  Ол үшін бір реттік тіркеуден өту керек. Мысалы Елордадағы 23 сайлау учаскесінде осындай сервис іске қосылған. Қала тұрғындары сол жерде тіркеу туралы өтініш қалдыруы тиіс.

Дауыс беруші байқаушылар мен сайлау бойынша комиссия мүшелерінің  жұмысына кедергі келірмеуі тиіс. Яғни дауыс беру барысында кабинаның ішінде сізден басқа ешкім болмау қажет. Бір кабинаға бір адамнан артық кіргізілмейді. Тыйымға құлақ аспаған азаматтарға этикалық комиссия мүшелері ескерту жасауы мүмкін. Ал шетелде жүрген азаматтар Қазақстанның елшіліктерінде дауыс береді. Айта кету керек, елшіліктер жанында 68 учаске жұмыс істейді. Сайлауда азаматтардың  дауыс беру құқығының бұзылмауын байқаушылар бақылайтын болады. Бүгінде Орталық сайлау комиссиясына 641 байқаушы тіркелген.  Оның ішінде 10 халықаралық ұйымнан 532 байқаушы,  және 35 шет мемлекеттен 109 байқаушы қатысатын болады.

Айнұр Қуатқызы, Ақылбек Есімсейітов