loader


Шетелдік сарапшылар Қазақстандағы кезектен тыс сайлау туралы пікір білдірді

Шетелдік сарапшылар мен саясаттанушылар да Қазақстандағы кезектен тыс сайлау туралы пікір білдірді. Олар осы жолғы науқан елдегі саяси жүйені жаңғыртуға септеседі дейді.

Қазақстандағы кезектен тыс сайлау - саяси реформа мен демократияландырудың айқын көрінісі. Бұл шетелдік саясаттанушылардың ортақ пікірі. Бельгиялық Diplomatic World басылымының шолушысы сайлау процесіне әйелдер мен жастардың белсене қатысып жатқанын айрықша атап өтті.

Альберто Тюркстра, "DIPLOMATIC WORLD" /БЕЛЬГИЯ/  басылымының шолушысы, саясаттанушы:

- Халықаралық ұйымдардың сайлау процесін ашық жүргізу туралы ұсыныстары ескеріліп жатыр. Саяси реформалар ұзақ мерзімді талап ететін үдеріс. Қазақстандағы саяси өмірдің жанданғанын байқап отырмыз. Саяси билікті орталықтандырмай, аймақтар мен қалалардың өкілеттілігі күшейіп жатыр.  Өз басым сайлауға қатысу деңгейі бұрынғыға қарағанда өте жоғары болады деп сенемін. 

Орталық Азиядағы геосаяси жағдайды зерттеуші француз сарапшысы президент өкілеттігінің 7 жыл болып белгіленуін ірі реформа деп бағалады. Ол кезектен тыс сайлау өткізу елдегі саяси жүйені қайта құруға мүмкіндік береді деп есептейді.

Эммануэль Дюпюи, Еуропадағы талдау және қауіпсіздік институтының президенті:

- Президентті 2 рет 5 жылдық мерзімге сайлаудан бас тартып, 7 жылдық мерзімге бір ақ рет сайлауға көшу бір ғана әулеттің билеп-төстеуіне және билікті монополияға айналдыруға қарсы бағытталған қадам. Жоспарлы 2024 жылдан бұрын сайлау өткізу шешімі осы ойымды қуаттай түседі. Бұл сөзсіз елдегі саяси және институционалды құрылымды жаңарту немесе қайта қарау ниетін аңғартса керек. 

Қайта сайлау құқығынсыз жеті жылдық бір реттік мерзім – жаңа демократиялық даму жолы. Өйткені халыққа балама керек, бір ғана адамның ұзақ басқаруынан шаршайды, дейді америкалық сарапшы Себестьен Пейруз. Вашингтон университетіне қарасты, халықаралық қатынастар мектебі, Орталық Азия бағдарламасының зерттеушісі Қазақстанда бақылаушы міндетін атқарады.

Себестьен Пейруз, IERES Халықаралық қатынастар мектебі, ОА бағдарламасы бойынша профессор:

- ЕҚЫҰ байқаушылары сайлау күні дауыс беру қалай жүріп жатқанын, кедергілер жоқ па соны қарайды. Біз әр сайлау учаскесіне барып өзімізге берілген форманы толтырамыз. Бір күнде 7-10 сайлау учаскесін аралып, сайлау туралы заңнын орындалуын бақылаймыз және бірнеше сұрақтары бар форманы толтырамыз. 

Саясаттанушылар мен халықаралық сарапшылар Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі және зерттеу орталықтары ұйымдастырған дөңгелек үстелдерге қатысып, өз пікірлерін ортаға салды. Олар қазақстандықтардың саяси белсенділігінің артқанын және демократияландыру реформаларының жанданғанын алға тартады.

Нұрбек Бекен, Жанат Эрнст

Сондай-ақ...