Саяси науқанда мемлекеттік лауазымды тұлғалар өз таңдауын жасады

Елдегі басты саяси науқанда мемлекеттік лауазымды тұлғалар да өз таңдауын жасады.

Бұл күннің маңызына тоқталды және жұртты, азаматтық құқығын пайдалануға шақырды.

Кезектен тыс президент сайлауына арналған елдегі 10101 сайлау учаскесінің біреуі Елордадағы ұлттық академиялық кітапханада орналасқан. Таңғы жетіде әнұранмен жұмысын бастады. Содан бері  бірнеше адам келіп таңдауын жасады. Мұнда 2600-ге жуық сайлаушы тіркелген. Олардың арасында мемлекеттік лауазымды тұлғалар да бар.

М. Әшімбаев  дауыс берді

Саяси науқанда өз таңдауын жасау үшін таң ертеңсімен келгендердің бірі сенат төрағасы. Мәулен Әшімбаев номері 111 сайлау бөлімшесіне анасымен бірге келді. Азаматтық құқығын пайдаланып дауыс берді. Оның айтуынша, бұл сайлау референдум негізінде конституцияға енгізілген реформаның нақты жүзеге асып жатқанын көрсетті. Яғни ел азаматтары жеті жылға бір реттік президентті сайлап жатыр. Мемлекет басшысы атануға ниетті үміткерлерге теңдей мүмкіндік берілді. Сондай-ақ сайлаудың әділ әрі ашық өтуіне жағдай жасалды.

Мәулен Әшімбаев ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Президенттік сайлауымыз ашық, әділ түрде толықтай Қазақстанның заңнамасына сәйкес түрде және халықаралық стандарттардың аясында өтетініне толықтай сенеміз. енді сайлау деген халыққа берілген үлкен мүмкіндік. биліктің қайнар көзі халық екеніні біз конституцияда тайға таңба басқандай жазып қойдық. сондықтан халық өз болашағын айқындап жатыр. бұл бір жағынан мүмкіндік, екінші жағынан жауапкершілік

Ел парламентіндегі төменгі палатаның спикері Ерлан Қошанов та саяси науқанда өз таңдауын жасады. Мәжіліс төрағасы Астанадағы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының ғимаратында орналасқан №110-шы сайлау учаскесінде дауыс берді. Оның айтуынша, бұл тағдыршешті таңдау жасайтын күн. Азаматтар белсенділік танытатынына сенімді.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

– Біз барлық өңірді аралап келдік. Халықтың көңіл-күйін көрдік. Сайлауға деген қызығушылығы жоғары. Мемлекетіміздің болашағы осы сайлауға байланысты екенін түсінеді. Сондықтан бүгін сайлау учаскелеріне дауыс берушілер өте көп келеді деп ойлаймын. Мен еліміздің болашағы, тұрақты дамуы үшін дауыс бердім. 

Ә. Смайылов дауыс берді

Ұлттық академиялық кітапханада орналасқан номері 111-сайлау учаскесінде үкімет басшысы Әлихан Смайылов өз таңдауын жасады. Кезектен тыс президент сайлауында Премьер-Министр мықты әрі әділетті Қазақстан үшін дауыс бергенін айтты.  

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Қазақстанымыз өсіп, өркендесін десек онда бәріміз азаматтық белсенділігімізді танытып, сайлау учаскесіне келіп, мемлекет басшысы лауазымына ең мықты кандидатқа дауыс беруіміз керек. себебі биліктің қайнар көзі ол халық. мен өз таңдауымды жасадым. Мықты әділ Қазақстан үшін дауыс бердім. 

Е. Қарин дауыс берді 

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринның айтуынша, бұл - жаңа Қазақстанның бастауы болатын тарихи күн. Сайлау ел дамуына, жаңа бастамалардың жүзеге асуына дем береді. Сондықтан дауыс беруге құқығы бар барлық азаматты ел болашағына қатысты таңдау жасауға шақырды. Өзі сайлау үйіне балаларымен келген.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:

- Бүгінгі сайлау еліміздің болашағын анықтайтын болады. менің ойымша қазір өтіп жатқан сайлау науқаны қалай ел ішінде солай шетелде де қызығушылық тудырады. Менің білуімше, қазір 600-ден аса шетелдік бақылаушылар, халықаралық одан да басқа мыңдаған отандық бақылаушылар қатысуда. Сайлау учаскесінде көптеген бақылаушылар отыр. Биылғы сайлау науқанындағы қоғамдық белсенділікті арттырады.

Дауыс беру кешкі сегізге дейін жалғасады. осы аралықта кәмілеттік жасқа толған әрбір қазақстандық өзінің конституциялық құқығын пайдаланып, азаматтық таңдауын жасай алады. 

Талғатбек Әбдіқожа, Ерлан Наурызбаев