Қ.Тоқаев БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді

Сайлау науқаны тақырыбын жалғастырамыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс бергеннен соң бұқаралық ақпарат құралдарына брифинг өткізіп, өзекті сұрақтарға жауап берді.

- Биылғы сайлаудың басты ерекшелігі – бұл жеңіске жеткен үміткер 7 жылға және бір мерзімге сайланады. Сіздің ойыңызша бұл мерзім бір адамға халық алдындағы уәдесін орындауға толықтай жеткілікті ме?

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Жеті жыл уақыт жеткілікті деп ойлаймын. Себебі жеті жыл әрбір адамның ғұмырындағы үлкен мерзім. Ең алдымен, Қазақстанда билікке ешқандай монополия болмайды. Билікті монополияға айналдыруға тыйым салынады. Бұл – өте маңызды мәселе. Жеті жыл жеткілікті. 21 жыл ішінде, құдай қаласа, Қазақстанда үш президент болады. Меніңше, бұл өте жақсы ұғым.

Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев болашақта парламент құрамында болатын өзгерістерге тоқталды.

- Әзірге елімізде бірде-бір жаңа саяси партия тіркелген жоқ. Сайлау сол ойыншылармен өтеді деген қауіп бар. Бұл жағдай өзгереді деп күтесіз бе?

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Парламент сайлауына дейін бірнеше партия тиісті шарттарды орындап, тіркеуден өтеді деп ойлаймын. Бұған біз де мүдделіміз. Сонымен қатар Парламент сайлауы жаңа аралас жүйе бойынша өтеді. Сайлау нәтижесінде еліміздің заң шығару органына ерекше азаматтар, оның ішінде оппозициялық көзқарастағы адамдар да мүше болады деп ойлаймын.   

Президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаев елдің сыртқы саясаты туралы да айтты.

- Қазақстан әрқашан көпвекторлы саясат ұстанып, сырттан келген түрлі қысымдарға қарамастан, Біріккен ұлттар ұйымының Жарғысынасүйене отырып, көптеген мәселелерде бейтараптық танытты. Қазіргі геосаяси жағдайда мұндай ұстанымды сақтап қалу қаншалықты мүмкін және бұл қиын ба?

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Геостратегиялық ұстанымды, экономикамызға 300 миллиард доллар инвестиция тартылғанын және біздің нарықта әлемдік ірі трансұлттық компаниялар жұмыс істейтінін ескере отырып, Қазақстан көп векторлы сыртқы саясат жүргізуге міндетті деп ойлаймын. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына берік екені, бейбіт сыртқы саясат жүргізетіні туралы бірнеше рет айттым.