Нидерландта дауыс беру белсенді өтті. LIVE

Еуропада дауыс беру жалғасып жатыр. Нидерландқа жарысқа барған қазақстандық спортшылар да өз таңдауын жасай алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Гаагадан тікелей байланысқа шыққан арна тілшісі Жанат Эрнст дауыс беру барысын баяндады.

Жанат Эрнст, тілші:

– Гаагада Қазақстанның Нидерландтағы Елшілігі ғимаратында орналасқан 282 сайлау учаскесі таңғы сағат жетіде ашылды. Мұнда барлығы жүзден астам сайлаушы тіркелген. Қазір жергілікті уақыт бойынша сағат үштен асты. Корольдіктің түпкір-түпкірінен келген қазақстандықтар дауыс беріп жатыр. Тағы да айта кетер жайт мұнда бүгін жылжымалы дауыс беру жәшіктері ұйымдастырылды. Конькимен жүгіруден Әлем кубогіне қатысу үшін Херенвейн қаласына Қазақстан спортшылары келген. Енді жылжымалы дауыс беру жәшіктері арқылы атлеттер елшілікке келмей-ақ өз таңдауын жасай алды. Қазір менің қасымда сайлау учаскесіне келген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары Қайрат Әбдірахманов тұр.