Сайлаушылардың 69,43%-і дауыс берді. LIVE

Елдегі барлық сайлау учаскелерінде дауыс беру ресми түрде аяқталды. Қазақстандағы электораттың 69% саяси науқаннан шет қалмады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Орталық сайлау комиссиясының баспасөз орталығынан тікелейге эфирге арна тілшісі Бақыт Топтаева қосылды.

Бақыт Топтаева, тілші:

– Сағат 22:00-ден кете Орталық сайлау комиссиясы кезекті брифинг ұйымдастырып, дауыс берушілердің белсенділігі жайлы ақпар таратты. Қазақстандағы сайлаушылардың 69,43 проценті сайлауға қатысты. Дәлірек айтқанда, 8 млн 299 мың 501 азамат саяси науқанға қатысты.

Тағы да өңірлердің белсенділігіне тоқтала кетсем: Жетісу облысы дауыс беру белсенділігі жөнінен үздіктердің қатарында. Дауыс беруге құқылы азаматтардың 81% дауыс берген. Түркістан, Қызылорда және Абай облыстарында дауыс беру көрсеткіші 80 проценттен асты.

Алматы қаласындағы электорат сылбырлық танытты. Мұндағы дауыс берушілердің отыз процентке жетер жетпесі таңдауын бюлеттень арқылы білдірді.

Еске сала кетсек, бұған дейін 2019 жылдың маусымда өткен кезектен тыс Президент сайлауында электораттың 77,5% дауыс берген еді. Сол кездегі 11 млн 900 мыңнан астам сайлаушының 9 млн 270 мыңдайы саяси науқанға қатысқан.

Бүгінгі сайлаумен салыстырсақ, электораттың белсенділігі бұған дейінгі Президенттік сайлаудан бәсең болғанын көруге болады. Әрине, қазір шетелдердегі дауыс беру жалғасып жатыр. Сондықтан бұл статистика әлі де өзгереді. Бірақ 2019 жылғы сайлаудан аса ма? Осы жағы қызық боп тұр. Бұны енді уақыт еншісіне қалдырсақ.  

Айтпақшы, бір сағат бұрын футболдан әлем чемпионаты басталды. Қатар мен Эквадор арасындағы ойын өрнегін тамашалайтын қауым түннің бір уағына дейін ұйықтамайтыны белгілі. Олармен бірге дәл осы уақытта жер-жердегі сайлау комиссияларының мүшелері, байқаушылар және кандидаттардың штаб мүшелері де кірпік ілмейді. Бірақ олар футболдағы гол санын емес, саяси маңызды науқанда дауыс берушілердің кімге қанша дауыс бергенін санап жатады.

Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс Президенттік сайлаудың алдын ала қорытындысын ертең түске дейін жария етеді. Ал оған дейін экзитполдың нәтижесі шамалы уақыттан кейін белгілі болмақ. Сондықтан футбол сүйер қауым жарнама үзілісі кезінде біздің арнаға қосылып, ақпарға қанықса деген тілек бар.