Президент сайлауының өту барысы өңірлерде қатаң бақыланды

Бұл саяси науқанды 641 шетелдік байқаушы мұқият қадағалады. Оның 532-і халықаралық ұйымдардың өкілі, 35-і шет мемлекеттен келген. Бұдан бөлек, мыңдаған отандық байқаушы жұмыс істеді. Дауыс беру кезінде өрескел заңбұзушылық болмаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сайлау өңірлерде заң аясында өтті. Ешкім заңды өрескел бұзған жоқ. Мәселен, Ақтөбе облысындағы учаскелерде болған байқаушылар дауыс беру процесінің ашық әрі заң талабына сай өткендігін мәлімдеді. Бұл аймақта Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының 16 өкілі жұмыс істеді. Бұдан бөлек ұлттық байқаушы ретінде  және бұқаралық ақпарат құралдары атынан 3 мыңға жуық азамат тіркелген. Барлығының ойы бір жерден шығып отыр.

Нұржан Шаңғытбаев, «Партиялық емес байқау орталығы» РҚБ Ақтөбе ОФ жетекшісі:

Облысымызды 502 сайлау часкесі орналасқан. Сол 502 сайлау учаскесіне партиялық емес бақылау орталығынан біздің өзіміздің дайындаған байқаушыларымыз қатысып, өз міндеттерін атқарды. Заңбұзушылық фактілері орын алған жоқ.

Ал Павлодар облысындағы науқан барысын қадағалаған байқаушылар сайлау учаскелерінде дайындық жоғары деңгейде ұйымдастырылған деп отыр. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, облыстағы сайлаушылардың 77,58 проценті өз таңдауын жасады. Бұл өңір тұрғындарының саяси белсенділігі жоғары екенін көрсетеді.

Русана Сәмекова, байқаушы:

Тұрғындар дауыс беруге балаларын ертіп келіп жатты. Себебі келер ұрпаққа электоралды мәдениетті көрсету маңызды. Сайлау комиссиялары тыңғылықты дайындалған. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қолайлы жағдай жасалған.

Байқаушылар Солтүстік Қазақстан облысында да заңбұзылған жоқ деп отыр. Олардың айтуынша өңірдегі 640 учаске дауыс беру аяқталғанға дейін жіті бақылауда болған. Жалпы саны 3600 дей байқаушы топ-топқа бөлініп облыс орталығы және аудандарды аралап шыққан.

Мұхтар Қалиев, «Ел дауысы» қоғамдық қорының байқаушысы:

– Таңғы жетіден кешкі онға дейін жүмыста болдық. Біздің Петропавл қаласында 23 наблюдатель болды, кординаторды санамағанда. Жалпы, сайлау ойдағыдай өтті деп ойлаймыз. Заңбұзушылықтар тіркелген жоқ.

Сырт көз – сыншы. Саяси науқанға көз тіккен шетелдік байқаушылар сайлауға дайындық пен ұйымдастыру деңгейіне жоғары баға беріп отыр. Әсіресе, өңірлердегі жұртшылықтың белсенділігіне тәнті.

Авторы: Руслан Бақытбекұлы