Иманғали Тасмағамбетов ҰҚШҰ Бас хатшысы болып тағайындалды

Ұйымға мүше елдердің басшылары Ереванда осындай шешімге келді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді Тасмағамбетов 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап үш жыл мерзімге бас хатшы болады. Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің алағай да бұлағай шақта өткен сессиясында қазақ басшысы не айтты? Ұйымға Пашинянның көңілі неге толмайды? Ереваннан Талғатбек Әбдіқожа сөз алады.

Қолына қылыш пен қалқан ұстаған «Армения анасы». Ұрпағын жерді қорғауға шақырып тұрғандай. Биыл бұл мемлекеттің көрші елмен шекарасында шиеленіс болды. Осы кикілжіңді қарумен емес, ақылмен шешіп, аймақтағы қауіпсіздік мәселелерін талқылау мақсатында Ұжымдық Қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің басшылары Ереванға жиналды.

Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент ретінде қайта сайланғаннан кейін шетелге жасаған алғашқы жұмыс сапары. Шағын құрамда жабық форматта өткен жиын басында әріптестері мемлекет басшысын жеңісімен құттықтады.

И. ТАСМАҒАМБЕТОВ – ҰҚШҰ БАС ХАТШЫСЫ

Жиынның басында Ұйымның Бас хатшысы анықталды. Алдағы жылдан бастап бұл қызметті Иманғали Тасмағамбетов атқарады. 

Никол Пашинян, Армения премьер-министрі:

Аударма: осы жағдайды пайдалана отырып, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Қазақстан республикасының президенті ретінде қайта сайлануымен құттықтаймын. Сондай-ақ үш жыл бойы ұйымның бас хатшысы қызметін атқарған Станиславь Зась биыл өз қызметін аяқтайды. Үлкен алғыс айтамын. Келер жылдан бастап үш жыл бойы бұл міндетті қазақстандық Иманғали Тасмағамбетов атқарады.

Қ. ТОҚАЕВ ДАҒДАРЫСТАН ШЫҒУДЫҢ ЖОЛЫН КӨРСЕТТІ

Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаудағы жеңісімен құттықтаған әріптестеріне алғысын білдіріп, Қазақстанның сыртқы саясаттағы ұстанымын нақтылады. Еліміздің ынтымақтастықты жан-жақты нығайту жөніндегі стратегиялық бағыты өзгермейді. Ұйымға мүше елдер басшыларының бұл қорытынды кездесуі күрделі геосаяси жағдайда өтіп жатқаны мәлім. Қазақ президенті қақтығысқа толы кезеңнен қантөгіссіз шығудың оңтайлы жолын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Халықаралық істерде күшейе түскен тұрақсыздық ҰҚШҰ кеңістігін де айналып өткен жоқ. Біздің аймақта бүкіл Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылыққа, қауіпсіздікке нұқсан келтіретін жанжалдар әлі де жалғасып жатыр. Мұндай жағдайда ашық, шынайы, конструктивті диалогты сақтау және дамыту өте маңызды. Бұл – күрделі дағдарыстар мен қайшылықтардан шығудың тиімді әрі оңтайлы жолы.

Н. ПАШИНЯН:  МЕРЕКЕЛІК КӨҢІЛ КҮЙ ЖОҚ

Төңіркке төнген қауіптен бірге қорғанамыз деп топтасқан алтылықтың бүгін ақылдасқан мәселесі көп болды. Ең негізгісі дағдарыс жағдайында ұйым әскерінің әрекет ету жүйесін жетілдіру. Өйткені 30 жылдық тарихы бар одақтың аумағында биыл оқыс жағдай көп болды. Қаңтарда Қазақстан дүрлікті. Кейін Армения мен Әзербайжан қырқысты. Ресей мен Украина, Қырғыз бен Тәжік таласы тағы бар. Өзі төрағалық еткен жылға Пашинян көңілі толмайтынын айтты.

Никол Пашинян, Армения Премьер-Министрі:

- Биыл мерейтолық жыл болғанымен мерекелік көңіл күй жоқ. Кейінгі екі жылда ұйымға мүше елдердің бірі Арменияға Әзербайжан тарабынан үш рет шабуыл жасалды. Бірақ Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы Әзербайжан тоқтатуға ешқандай тойтарыс бере алмады. Бүгінге дейін бұл шиеленісті шешудің жолы табылған жоқ. Бұл –біздің ел ішінде және сырт мемлекеттерде Ұйымның беделіне нұқсан келтірді.

Сын сағатта достыққа сызат түсіруге болмайды. Осылай деген президент армян-әзербайжан қақтығысын дипломатиялық жолмен реттеуге бағытталған шараларды қолдады. «Аймақта тұрақтылықты сақтап, іргелес елдердегі ахуалды назардан тыс қалдырмау керек» деді. Меңзегені – Ауғанстан.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл мемлекеттегі жағдайды реттеу жолдарын қарастыру – ҰҚШҰ-ның оңтүстік шекараларындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі факторларының бірі. Қазақстан осы елдің өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу үшін Ауғанстан басшылығымен өзара ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті. Біз Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсетіп келеміз.

Қазақстан бейбітсүйгіш. Мұны бәрі біледі. Ұйымның Бас хатшысы қызметіне Иманғали Тасмағамбетовтың тағайындалуы осының айқын дәлелі дейді сарапшылар. Әрі ұйымға мүше мемлекеттердің ішінде Қазақстанның ғана Аумақтық мәселеде ешкіммен араздығы жоқ. Сондықтан қарулы қақтығысқа түсіп, қырық пышақ болып жатқан одақтастарын татулыққа шақыруға толық құқылы.

Арам Сафарян, саяси сарапшы

Еуразия құрлығының саясат сахнасында Қазақстанның орны мен ықпалы зор. Қазір бұл ел Оңтүстік Кавказғақатысты үлкен келіссөзде мыңызды роль атқара алады. Өйткені аймаққа Қазақстанның ықпал ететін тәсілдері де беделі де бар. Мәселен Әзербайжан мен Армения арасындағы кикілжіңді дипломатиялық жолмен шешуде арағайындық жасай алады.

ТЕМА: БЕЛАРУСЬ ҰҚШҰ-ҒА ТӨРАҒАЛЫҚ ЕТЕДІ

Кеңес қорытындысы бойынша мемлекет басшылары бірнеше маңызды құжатқа қол қойды. Олардың ішінде ұйымның бітімгерлік миссиясын заманауи жарақтандыру. Радиациялық, химиялық және биологилық қорғаныс құралдарымен қамтып, медициналық көмекті күшейту қарастырылған. Сондай-ақ «Наемник» деп аталатын жедел алдын алу іс-шарасына терроризмге қарсы аймақтық операция статусын беруге уағдаласты. Ал төрағалық Армениядан Беларусь Республикасына өтті.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа Марат Диханбаев Дулат Ентебеков