Өткен сайлау елдегі саяси мәдениеттің өскенін білдіреді – Жұлдыз Сүлейменова

Мұны Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова айтты. «AMANAT» партиясының Орталық аппаратында «TALQYLAU» диалог алаңының кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жолы сарапшылар президенттік сайлаудың қорытындысын талқылады. Белгілі заңгер Марат Бәшімов сайлау кезінде халықаралық стандарттар толығымен сақталғанын атап өтті. Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев «барлығына қарсы» бағанын таңдаған сайлаушылардың пікірін ескеру маңызды» дейді. Қоғамдық саясат институтының директоры Мәдина Нұрғалиева болса сайлау азаматтардың билікке деген көзқарасының өзгергенін білдіреді деген пайымда. Жалпы биыл Қоғамдық саясат институты алғаш рет exit poll өткізді. Оның аясында 74 қала мен 242 ауылда 600 сайлау учаскесі қамтылған.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Биыл елімізде екі ірі саяси оқиға: жалпыхалықтың референдум және президент сайлауы болды. Егер 2021 жылы парламенттік сайлауда 7 миллионнан астам адам дауыс берсе, референдумға да, Президенттік сайлауға да 8 миллионнан астам адам қатысты. Бұл бүгінгі таңда қазақстандықтардың  мемлекетімізде болып жатқан барлық саяси процеске қатысуға және көптеген саяси мәселеде өзінің нақты пікірі бар екенін, елдің болашағына қатысты мәселелерді шешуде өз дауысының маңызды екенін түсінетінін айғақтайды.