Биыл Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы сауда айналымы бес есе артты

Сарапшылар барлық саладағы ынтымақтастық ырысты екенін айтады. Десе де ресми Баку серіктестіктің әлеуеті әлі де көп дейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстан мен Әзербайжан Үкіметі екі ел арасындағы сауда-экономикалық серіктестікті нығайтуға ниетті. Қолға алынған жаңа жобаға сәйкес әр тарап шаруашылық жүргізуші субьекттерге қолайлы жағдай жасауға тиіс.  Сарапшылар екі ел арасындағы алыс-берістің көлемі соңғы 10 айда 5 есеге өскенімен бұл саладағы  мүмкіндіктер одан да жоғары екеніне сенімді. Енді тараптар жақын арада сауда көлемін млрд долларға дейін жеткізбек ниетте. 

Рашад Гасанов, сарапшы-экономист:

- 2021 жылы Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы экспорт 53% артты. Бұл өсім биыл да жалғасын тапты. 9 айда экспорт пен импорттың көлемі 420 млн. долларға  жетті. Басым бөлігі Қазақстанға тиесілі. Әзербайжан бидайды 2,5 есеге көп импорттай бастаған. Әлеует әлі де мол дер едім. Алға қойған мақсаттарды  жүзеге асыру үшін бірқатар құжаттарға қол қойылды. 

Әзербайжанның Мемлекеттік Кедені ұсынған мәліметке сай былтырғы жылмен салыстырғанда биыл Қазақстаннан күріш, бұршақты дақылдар, балық пен мұнай өнімдері көп импортталды. Жүк тасымалдау Транскаспий дәлізі, ал мұнай транзиті  Баку-Тбилиси-Джейхан құбыржол арқылы жүзеге асырылды.

Рашад Гасанов, сарапшы-экономист:

- Металлургия екі ел арасындағы сауда-саттықтың негізгі бөлігі саналады. Оның айналымы 60 млн доллардан асады.  Әзербайжаннан Қазақстанға  келетін ауылшаруашылық өнімдері, пропилен және химиялық өнімдер экспорты 20-30% өскен. Екі елдің де Жібек жолына шығу мүмкіндігі бар. Қазақстанның Қытаймен теміржол қатынасы дамыған. Бұл Баку-Тбилиси-Карс жолдарын пайдалануға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде қос мемлекет арасындағы байланыс, атап айтқанда, Ақтаудан Алят портына дейінгі транзиттік әлеует де ұлғаюы мүмкін.

Келісімге сәйкес, жоспар  көліктік-логистикалық инфрақұрылымның өткізу қабілетін арттырады. Биыл Транскаспий бағыты бойынша жүктерді ауыстырып тиеу 6 есеге өскен. Сондай-ақ, сарапшылар Қазақстанда да, Әзербайжанда да «Инвестициялық климат» жақсы дамып келеді дейді. Бұл ортақ инвестициялық жобалар жасауға мүмкіндік береді.

 Авторлары: Камилла Джабарова, Айгюн Гасан