Республикалық қоғамдық штабтың қорытынды жиыны өтті

Бір ай бойы үгіт-насихат жұмысын жасаған штабтың қорытынды кездесуі Елордада өтті.

Атқарылған жұмыстарға есеп берілді, алдағы жоспарлар бекітілді. Жұмысты мұнымен тоқтатпаймыз деді жиналғандар. Штаб басшысы Ерлан Қошанов президенттік сайлау заңға және халықаралық нормаларға толық сәйкес өткенін жеткізді.

Ерлан Қошанов, республикалық қоғамдық штабтың басшысы:

- Халықтық коалицияның жұмысы мұнымен аяқталмайды. Біз бәріміз Мемлекет басшысы жақтастарының командасында қаламыз. Коалицияға кірген барлық қоғамдық-саяси күш Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сайлауалды бағдарламасын және барлық саяси реформаны жүзеге асыруға белсенді атсалысады деп ойлаймын.

Үгіт-насихат науқаны кезінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақтастары 42 қала мен 5000-нан астам ауылды аралады. Олар өткізген 24 мың үгіт-насихат іс-шарасына 3 миллион сайлаушы қатысты. Кездесулер барысында азаматтардан 40 мыңнан астам ұсыныс-тілек жиналыпты.

Жақсыбек Құлекеев, мемлекет қайраткері,ғалым:

- Сайлаудың нәтижесі қалың бұқара мен Президент және билік арасындағы 7 жылдық келісім-шарт екенін ендігі жерде барлығымыз естен шығармауымыз керек. Сондықтан менің түсінігімде жалғыз Президент емес осы науқанға қатысқан барлық азаматтың халық алдында алған ортақ міндеттері бар екенін ешқашан естен шығармауымыз керек.

Халық Президенттің реформалары белгіленген мерзімде және толық орындалатынына сенімді болуы керек. Бұл – Халықтық коалицияның басты міндеті», - деді жиналғандар.

Тоқтар Әубәкіров, тұңғыш ғарышкер, «Халық қаһарманы»:

- Алдымызға қойған мақсатымызды Президент бізге қойған мақсатымызға жетуіміз үшін бәріміз бірдей болып ат салысайық. Көмектесейік, сонда ғана Президенттің бағдарламасы орындалады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлаудағы айқын жеңісі – қоғамның Президентке және оның реформаларына деген зор сенімнің көрсеткіші. Сайлау Халықтық коалицияға кірген барлық партия мен қоғамдық ұйымдарды бір командаға біріктірді. Олар аймақтарды аралап, ауқымды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Штаб мүшелері сол уақытта жастардың белсенді болғанын айтады.

Олжас Сүлейменов, «Qazaqstan team» жастар бірлестігінің басшысы:

- Жастар үшін әділетті Қазақстан өте қажет. Өйткені әділетсіздікке тап болған жас ешқандай бағдарламаға, ешқандай уәдеге сенбейді.

Президент реформаларының ел болашағы үшін маңызы зор. Оны жүзеге асыру барысында штаб мүшелері жұдырықтай жұмылып, маңызды істі бірге атқаруға уағдаласты.

Авторы: Гүлзия Нақыпқызы