Президентті ұлықтау рәсімі

«Байлық пен мансап – қолға ұстаған мұз, ериді де кетеді. Ал елге жасаған қызмет – артта қалған із, ол ұрпақтан ұрпаққа жетеді». Халықтың нақыл сөзін түрлендіре отыра, Президент елге адал қызмет ететін азаматтарға ғана қоғамда орын барын жеткізді. Салтанатты ұлықтау рәсімінде Қасым-Жомарт Тоқаев ел мүддесі, халық сенімі, экономикалық өсімнің өзегі және саяси трансформация жайлы қозғады, деп хабарлайды «Хабар 24».

 Екінші мерзімін нақты іс-шаралардан бастайтынын жариялады. 2019 жылдың 12 маусымында алғаш рет Президент болып сайланған Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі дәл осы Тәуелсіздік сарайында ұйымдастырылған еді. Араға 3,5 жыл салып өткізілген сайлауда халық саяси таңдауын жасап, мемлекет басшысына зор сенім артатынын білдірді. Енді міне, қарашаның жиырма алтыншы таңында дәстүр бойынша тағы да салтанаты жарасқан Тәуелсіздік сарайында Президентті ұлықтау рәсімі өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: 

– Қазақстан халқына адал қызмет етуге, ҚР-сының Конституциясы мен заңдарын сақтауға, Қазақстан азаматтарының құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, ҚР Президенті – өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанаттыру түрде ант етемін.

Қ. Тоқаев: Халқымның сенімі – маған аманат

Рәсімнен кейін сөз алған Президент сайлауда қолдау көрсеткен мұқым жұртқа және өзін кандидат ретінде ұсынған коалицияға алғысын білдірді. Саяси бәсекеге түскен кандидаттарға ілтипатын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев: Халықтың сенім үдесінен шығу үшін аянып қалмаймын.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: 

- Халқының қолдауына ие болып, ел тізгінін ұстау –  ең биік мәртебе әрі орасан зор жауапкершілік. Алдағы 7 жылды бүгінгі буынның және келешек ұрпақтың алдындағы борышымды өтеуге берілген бірегей мүмкіндік деп білемін. Қазақта «Аманат» деген асыл ұғым бар. Халқымның сенімі – маған аманат. Осы аманатқа адал болу – мен үшін қасиетті парыз. Ел үмітін ақтап, Қазақстанды өркендеген, бақуатты мемлекетке айналдыру үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын.

Ауылды дамытуға ден қойылады

Президент реформаларды аяғына дейін жеткізуді мақсат етіп отыр. «Қазір сайлаудағы жеңісті тойлайтын кез емес – аянбай еңбек ететін кез»,­ – деген мемлекет басшысы атқарылар шаруаның көп екенін аңғартты. Жаңа технологиялар, жоғары еңбек өнімділігі, азаматтардың шығармашылық бастамалары – міне, экономикалық өсімінің өзегі осылар. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев қолға алынар біраз мәселеге тоқталды.   

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: 

- «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын. Осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Бұл менің жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығым болады.

Шетелдегі капиталды қайтару туралы заң жобасы

Келесі міндет ­ елден заңсыз шығарылған қыруар қаражатты қайтару. Осы ретте Үкімет шетел асқан капиталды қайтаруға қажетті рәсімдерді реттейтін заң жобасын әзірлемек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: 

- Заң жобасы, сондай-ақ, әділетсіз баюға және активтерді заңсыз шығаруға ықпал ететін себептер мен шарттарды жоюға бағытталады. Қайтарылған барлық қаражат азаматтардың игілігіне жұмсалуға тиіс. Бұл қаржыны жоғары технологиялы өндіріс орындарын ашуға, мектептер мен ауруханалар салуға, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға пайдалану керек. Тиісті Жарлыққа бүгін қол қоямын. Жақын арада ауқатты кәсіпкерлер халықтың игілігі үшін өздерінің әлеуметтік жауапкершілігін жандандырады деп ойлаймын.

Қ.Тоқаев: Жоғарғы палата жаңарады

Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет. Елді басқаруда осы қағида мызғымас ұстанымға айналуы тиіс. Осы тұрғыда Қасым-Жомарт Тоқаев саяси жаңғыру үдерісін жалғастыра бермек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: 

Бүгін мен «Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауын тағайындау туралы» Жарлыққа қол қоямын. Осылайша, жоғарғы палата депутаттарының кезекті сайлауы конституциялық реформаны нақты жүзеге асырудың жалғасы болмақ. Сайлау қорытындысы бойынша Сенаттың депутаттық корпусының бір бөлігі бәсекелестік және ашықтық қағидаттары негізінде жаңарады.

Конституциялық реформаны жүзеге асырудың келесі сатысы - Жоғары аудиторлық палатасын толыққанды трансформациялау. Бұл бағыттағы жұмысты бастау үшін Президент арнайы Жарлыққа қол қоятынын хабарлады.

Президент: Қызмет – уақытша, халық – мәңгі

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: 

- Тағы да қайталап айтамын, алда атқаратын шаруа көп. Бұл – жеңіл жұмыс емес,  бірақ елге пайдасы тиетін қызмет. Мен бүкіл мемлекеттік аппараттан осы міндетті абыроймен орындауды талап етемін. Қолынан іс келетін және елге беріле қызмет жасайтын азаматтарға ғана ортамызда орын бар. Оларға қолдау көрсетеміз, ал қоғам құрметін білдіреді. 

«Тәуелсіз елімізді қуатты мемлекет ретінде ұрпаққа аманаттау – біздің борышымыз. Алда талай сынақтар, күрделі кезеңдер болуы мүмкін. Дегенмен ырысты ынтымағымызды сақтай білсек, алынбайтын асу жоқ», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: 

- Мен биыл қасиетті Меккеге барған кезде Қағба төрінде ата-баба рухына құран бағыштап, Алладан бір-ақ нәрсе сұрадым. Ол – елдің амандығы. Шын мәнінде, еліміз аман болса, жеріміз бүтін, бірлігіміз бекем, мемлекеттігіміз мәңгі болады. Осы құндылықтарды мызғымастай етіп бекіту – қазақтың перзенті, Қазақстанның Президенті ретіндегі менің қасиетті парызым.

Президенттің миссиясы жалғасады

Қызмет – уақытша, ал халық – мәңгі. Қасым-Жомарт Тоқаев осылай де келе, президенттік миссиясын халықпен бірге алдағы жеті жылда абыроймен атқарып шығатынына сенім білдірді.

Дүниенің дидары өзгеріп жатқан кезде елді басқару ісімен қатар халықаралық қауымдастықпен дипломатиялық байланысты өрбіту маңызды миссияның ажырамас бөлігі. Сондықтан екінші мәрте сайланған Президенттің жұмыс кестесті тығыз. Дүйсенбі, қарашаның 28 күні мемлекет басшысы Мәскеуге, одан кейін Францияға аттанбақ.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Азамат Сәметов