Президенттің бастамалары сарапшылар назарында

Президент ұлықтау рәсімі өткеннен кейін 4 бірдей Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Атап айтқанда, ауылдық аумақтарды дамытудың 5 жылға арналған тұжырымдамасы бекіді. Заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі шаралар туралы, келер жылдың 14-ші қаңтарында Сенат депутаттарын сайлау және Жоғары аудиторлық палата мәселелері жөніндегі Жарлықтар күшіне енді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл елеулі бастамалары жайында сарапшылардың пікіріне құлақ түрсек. 

«Ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын». Мемлекет басшысы ауыл-аймақтарды дамыту туралы Жарлыққа қол қоярда осылай деді. Сарапшылар президенттің ауыл мәселесін алға шығарғаны – әлеумет үшін зор қолдау екенін айтты.

Марат Әбсеметов, тарих ғылымдарының докторы:

- Ауыл көтерілсе - Қазақстан көтеріледі, себебі байтақ даламыз бар, бүкіл мәселе ауылда жатыр. «Нақты кірісіп ақша да бөлем, бүкіл күшті саламыз», ­- деді Президент. Жер мәселесі талай жерге өтіп қалған. Біреулер алған кезінде, сол қалып қойған солай игерілмей. Жастарды тарту керек. Ауылда көп проблема жиналып қалды. Су мәселесі, жол мәселесі, мектептер, балабақша жетіспейді. Содан кейін біраз жерлеріміз қайтарылып жатыр, әлі де қайтарылуы керек.

Шағын және орта бизнестің өрлеуіне кедергі болмауы тиіс. Саясаттанушылар Президент бұл мәселені бекер қозғап отырмағанын айтты. Сапалы тауар шығарып, инфрақұрылым, өнеркәсіпті өркендету қажет. Кәсіпкерлікті дамытуда мемлекеттік қолдаудың маңызы зор.

Мақсат Жақау, саясаттанушы:

- Бір жыл бойы жиі айтып келеді. Әсіресе, мемлекеттің бизнеске қарағанда либералдық саясатты жүргізуі жайлы. Яғни, мемлекет әрбір кәсіпкердің ісіне араласпайды және оның әрбір ісіне кедергі болып, заңсыздықпен болсын, түрлі әкімшілік ресурстармен болсын, араласпауды қадағалауды және арнайы мораторийларды жариялаған әрекеттері болған-ды.

Шетел асқан қыруар қаражатты елге қайтару және оны халықтың мүддесіне пайдалану. Мемлекет басшысы қол қойған Жарлықтың бірі осыны көздейді. Сарапшы Марат Әбсеметов әлеуметтік теңсіздіктің салдарынан қоғамда әділетсіздік, сенімсіздік көзқарастар белең алғанын алға тартты. Айтуынша, қазынаның әр тиының мақсатты жұмсау – президент алға қойған бірден-бір міндет. 

Марат Әбсеметов, тарих ғылымдарының докторы:

- Миллиардтаған қазақтың байлығы қазақ халқына, еліне қайту керек деп ойлаймын. «Сол қайтарылған ақша балабақша, мектептке, мәдениетке, ғылымға жұмсалады», - деп Прездентіміз айтып қалды. Біраз ақшалар қайтып жатыр. Тағы да көп шара жасау керек оған заңгерлер, юристерді тарту керек.

«Сенат құрамы әділетті сайлау арқылы қоғамның дамуына сүбелі үлес қосатын отансүйгіш азаматтардан жасақталуы тиіс. Ел талабы – осы», - дейді сарапшы-заңгер Марат Бәшімов. Ел мүддесін ойлайтын депутаттар, әр азаматтың мұң-мұқтажын тыңдайтын үкімет мүшелерін тағайындау – азаматтық қоғамды жаңғыртудың басты талабы.

Марат Бәшімов, сарапшы:

- Біз қазір талаптанып отырғанымыз, мақсатымыз – Сенатқа жаңа кісілер келуі керек. Жаңа ойларымен, әділеттікке тырмысатын, қарапайым азаматтардың құқықтарын қорғайтын. Конст үстемділігін, заң үстемділігін қолдайтын кісілерді қолау керекпіз.

Сайып келгенде игі бастамалар халық пен тарих және ар-ождан алдындағы жауапкершілікке негізделуі тиіс. Сарапшылар осындай пікірде. Ал халық үніне құлақ асатын мемлекет және әділетті басшы бүгінгі қоғамның талап-тілегі.