Қазақстаннан Ресейге сатылатын тауар саны артты

Жыл басынан бері Қазақстаннан Ресейге сатылатын тауар атауларының саны 640-тан 1050-ге көбейді.

Тоғыз айда екі елдің өзара сауда айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5 процентке артты. Көрсеткішті бұдан да ұлғайтуға мүмкіндік бар. Тек кедергілерді азайту керек. Ресейге ресми сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Президент екі елдің шекаралас облыстарындағы алыс берісті арттыруға бағытталған өңіраралық форумға қатысты. Әріптесі Владимир Путинмен екіжақты кездесу өткізді. Мәскеуден Талғатбек Әбдіқожа жалғайды.

Қ. ТОҚАЕВ БЕЛГІСІЗ ЖАУЫНГЕР БЕЙТІНЕ ГҮЛ ШОҒЫН ҚОЙДЫ

Мәскеудегі басты әскери мемориал саналатын белгісіз жауынгер бейіті. Жалғыз Ресей емес, өткен ғасырда Кеңес өкіметінің құрамында болған 15 ел үшін де ортақ деуге болады. Өйткені сол соғыста майдан даласында жүріп жан тапсырған белгісіз жауынгерлердің қатарында біздің қандастарымыз да бар. Бүгінде Ресейге келген құрметті қонақтардың осында тағзым етуі игі үрдіске айналған. Қасым-Жомарт Тоқаев Ресми сапарын сол дәстүрден бастады.

Қ. ТОҚАЕВ Қазақстан – Ресей өңіраралық форумына қатысты

Сосын мемлекет басшысының алдында сап түзеген құрмет қарауылының оркестрі Қазақ әнұранын орындап ресми делегацияға құрмет көрсетті. Туған жерден топырақ бұйырмаған белгісіз майдангерлердің рухына тағзым еткен Президент Кремльге кіріп, Қазастан мен мен Ресейдің өңіраралық форумын бастады. Екі елдің шекаралас облыстарындағы алыс берісті арттыруға бағытталған форумынң биылғы форматы ерекше. 2019 жылға дейін президенттер жиын өтетін өңірде жүздесетін. Былтыр онлайн кеңесті. Ал биыл негізгі шаралар Орынбарда өтті. Президенттер Кермільден тікелей қосылды. Негізгі тақырып – Транзиттік әлеуетті толық пайдаланып, халықаралық сауда сатыққа кері әсер ететін инфрақұрылымдық кедергілерді азайту.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Геосаяси жағдай құбылып тұрған қазіргі шақта бұл тақырып өте өзекті. Барлық шектеуді алу және сауда саласында өзара тиімді жағдай жасау елдеріміздің сапалы экономикалық өсіміне жол ашады. Сондықтан бүгінгі кездесудің маңызы зор.

Жайықтың оң жағалауында орналасқан Орынбордың қазақ үшін тарихи хәм экономикалық  орны бөлек. Біздің елдің үш өңірімен шектеседі. Әкімдік деңгейінде Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарымен сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық және құқықтық салада ынтымақтастық орнатқан. Биыл сегіз айда жалғыз Орынбор облысының Қазақстанмен тауар айналымы 335 АҚШ долларынан асты. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе көп.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ресейге шығарылатын қазақстандық экспорттың ассортименті жақсарды. Оның құны 100 мың доллардан асады. Өткен жылмен салыстырғанда тауар атауларының саны 640-тан 1050-ге дейін көбейді. Алматыдан Ресей өңірлеріне тауар жеткізу 2,5 еседен астам, ал Астанадан 5 есе өсті. Шекаралас облыстар арасындағы сауда-саттық айтарлықтай жанданды. Мысалы, Ресейге Ақтөбе облысынан тауар жеткізу 48 пайызға, Павлодар облысынан 36 процентке артты.

Қазір әлемде өзара сенім азайып барады. Еркін сауда аймағында орналасқан мемлекеттер өзінде барды өзгемен бөліспей, экспортқа тыйым салып жатыр. Мәселен ең дамыған жиырмалық елдері биыл мамыр мен қазан арасында 47 тауар түрін сыртқа сатуды тоқтатты. Қазақстан мен Ресей арасында ондай түсінбеушілік жоқ. Керісінше экономикалық ынтымақтастық жылдан-жылға артып келеді. Біздің елде қазақ ресей бірлесіп ашқан 17 мың компания жұмыс істейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ресейден Қазақстанға тартылған тікелей инвестиция пандемияға дейінгі деңгейден жоғары болды. Атап айтқанда, үштен бір еседен астам көрсеткішке жетіп, 1,9 миллиард доллардан асты. Сондай-ақ Қазақстанның Ресейге салған инвестициясы да 34 пайызға артып, 535 миллион долларға жетті. Бұдан бөлек, елдеріміздің сауда-экономикалық ынтымақтастығын одан әрі күшейтуге әлеуетіміз жеткілікті. Кооперациялық ынтымақтастыққа ерекше қызығушылық танытып отырмыз. 

Бүгінде бұл сала бойынша Қазақстан мен Ресей арасында жалпы құны 23 миллиард доллар болатын 110 бірлескен жоба жүзеге асырылды. Оларда 30 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Осындай көршілік қатынасты тиімді пайдаланып, экономиканы дамытатын тағы бір бағыты көлік-логистика. Шекаралас өңірлерде өнімді өткізудің заманауи және тиімді инфрақұрылымын қалыптастыру қажет. Қазір біздің ел Еуразия кеңістігіне арналған сауда хабтары жүйесін құрып жатыр. Олар Ресей, Өзбекстан, Қытай және Қырғыстан шекараларына жақын маңайда орналасады. Мемлекет басшысы олардың  тиімді әрі тез жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін  күш біріктіру керек салаларды ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біріншіден, трансшекаралық және өңіраралық ынтымақтастық жөніндегі шағын комиссияның қызметін күшейту қажет. Өңіраралық ынтымақтастық бағдарламаларын үйлестіру және іске асыру – аталған комиссияның негізгі міндеттерінің бірі. Екіншіден, шекара инфрақұрылымын жақсартуға, Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара пункттерінің өткізу мүмкіндігін кеңейтуге ерекше назар аудару қажет. Бұл жұмысты салынып жатқан «Бір белдеу, бір жол» бастамасы мен «Солтүстік – Оңтүстік» трансұлттық дәліздерін ескере отырып, жүзеге асыру керек деп есептейміз. Бұл бағыттарды ЕЭО қызметімен ұштастыру қажет. Үшінші. Қазақстан тұрақты сауда-инвестиция қатынастарын дамытуға мүдделі.

Иә,  Қазақстанның транзиттік әлеуеті кеше не бүгін қалыптасқан жоқ. Бағзыдан белгілі. Сонау Алтын орда замамынында Қытайдан шыққан көш керуендері орыс княздары мен кәрі құрлыққы осы Ұлы дала арқылы аман сау өткен. Сол із әлі бар. Тек соны жаңғырту керек. Сарапшылар осындай пікірде.

Александр Разуваев, экономика ғылымдарының кандидаты:

- Қазақстан – транзиттік әлеуеті зор мемлекет. Қазір қалыптасқан жағдайға байланысты Ресей өз тауарын Қытай, Өзбекстан және оның арғы жағындағы елдерге экспорттау жолдарын қарастырып жатыр. Бұл мәселеде әрине Қазақстанның маңызы зор. Оның үстіне сіздердің ел Түркі мемлекеттірінің одағына кіреді. Бұл да оның мүмкіндігін кеңейте түсетіні анық. Алтын орда заманында жаһандық сауда экономикалық берік байланыстар болғаны белгілі. Соны қазіргі заманға сай қайта жаңартсақ жетіп жатыр.

Қ.ТОҚАЕВ ПЕН В.ПУТИН ЕКІЖАҚТЫ КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

Қазақстан үшін Ресей Федерациясы негізгі стратегиялық серіктес. Былтыр екі елдің өзара тауарайналымы 24 миллиард доллардан асқан. Биыл 9 айда өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5 процентке көбейді. Биыл теріскейдегі көрші елмен дипломатиялық қатынас орнатқанымызға 30 жыл. Ресей президенімен екіжақты кездесу өткізген Қасым-Жомарт Тоқаев әріптесіне сайлаудағы жеңісімен құттықтағаны үшін алғыс айтты. Президент ретінде қайта сайланғаннан кейін алғашқы ресми сапарын осы елден бастауының символдық мәні бар екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына қайта сайлануыма орай жеке құттықтағаныңыз үшін алғыс айтқым келеді. Шын мәнінде, алғашқы шетелдік сапарым осы елге, Ресей Федерациясына жасалып отыр. Мұның терең саяси мәні бар. Әлбетте, бұл сапардың белгілі бір символдық мәні бар. Екінші жағынан, бұл қалыпты жағдай, өйткені мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастық туралы әңгіме өрбіп отыр. Екі ел арасындағы байланыстың даму деңгейіне көңіліміз толады деуге негіз бар. Сонымен қатар алға ұмтылу керек, дәл осы мақсатпен мен осында арнайы сапармен келдім.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:

- Жақында ғана жүздескен болатынбыз. Біз әрқашан әр кездесуімізде өзекті мәселелерді талқылаймыз. Ең алдымен, экономика мәселесін көтереміз. Өйткені бұл – біздің барлық саладағы табысымыздың негізі. Біз оны жоғары бағалаймыз. Адамдар бір-бірімен араласады, бір-бірінің мүмкіндіктерін жақсы біледі. Біз қазір 2021 жылы тауар айналымының өскенін атап өттік. 2022 жылы да тұрақты артып келеді. Сондай-ақ дәстүрлі бағыттарда, жоғары технологиялық салаларда жұмыс істеп жатырмыз, бұл болашақ үшін өте маңызды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына орай Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Декларацияға қол қойды.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа Марат Диханбаев Дулат Ентебеков Алмас Омарғалиев