Оңтүстік Кореяда Республика күніне арналған ресми қабылдау өтті

Қазақстан мен Корея арасындағы сауда көлемі биылғы жылы 6 млрд доллардан асуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».   

Бұл туралы Сеулде елшіміз Бақыт Дүйсенбаев мәлімдеді. Оңтүстік Кореяда Республика күніне арналған ресми қабылдау өтті. Қазақтың бұл мерекесі қараша айының басында тойланады деп жоспарланған болатын, бірақ Сеулдің Итэвон ауданындағы оқиғаға байланысты кейінге шегерілді. Бақыт Дүйсенбаевтың айтуынша, 2022 жылдың 6 айында Кореядан Қазақстанға құйылған тікелей инвестиция көлемі рекордтық көрсеткішке жетіп, шамамен 541 млн АҚШ долларына жеткен. 200-ден астам корей компаниясы Қазақстанда тау-кен металлургия кешені, автомобиль жасау, фармацевтика, медицина және энергетика салаларында қызмет көрсетеді. Ресми қабылдауда қонақтарға қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылып, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Кореяның опера әншілері Қазақстан әнұранын орындады.

Чой Ен Сам, Оңтүстік Корея Сыртқы істер вице-министрі:

- Мен Президентті инаугурациясымен құттықтаймын және Қазақстан дамудың келесі деңгейіне көтеріледі деп сенемін. Екі ел арасындағы көлік, құрылыс және инфрақұрылым, энергетика және минералдық ресурстар, сондай-ақ IT, электронды денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және жасыл энергетика салаларындағы ынтымақтастық кеңейіп келеді. Жаңа Қазақстанның саяси, экономикалық, әлеуметтік және басқа да салалардағы реформаларды толық және табысты жүзеге асырыруын шын жүректен тілеймін.