Сенатта ұлттық заңнамаға енгізілетін түзетулер мен жұмыс тобының атқарған ісі талқыланды

Қылмыстық процес кезіндегі тараптардың бәсекелестік құқығы сақталып, судъяларға күштік органдар тарапынан қысым көрсетілмеуге тиіс. Сот жүйесін реформалау бойынша әзірленген ұсыныстардың бір парасы бұл, деп хабарлайды «Хабар 24».    

Бүгін Сенатта ұлттық заңнамаға енгізілетін түзетулер мен жұмыс тобының бұл бағыттағы атқарған ісі талқыланды. Жұмыс тобы кей айыптыны қамауда ұстаудың орнына бұлтартпаудың балама жолдарын ұсынып отыр. Мәселен, айыпты жасаған қылмыс зорлық-зомбылық сипатқа ие болмаса, онда оған электронды білезік тағып, жүріс-тұрысын бақылауға болар еді. Сондай-ақ, әлеуметтік осал топтарға мемлекеттік кепілдендірілген медиация қызметін ұсыну қарастырылып отыр. Тиісті заң жобасын дайындау үшін Қылмыстық-процестік заңнаманы реформалауға арналған ұсыныстар уәкілетті органға жіберіледі.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Президентіміз наурыз айындағы Жолдауында барлық деңгейдегі соттар, шын мәнінде, тәуелсіз, ашық және кәсіби болмаса, заң үстемдігін қамтамасыз ету мүмкін емес екенін айрықша атап өтті. Соңғы уақытта бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылды. Дегенмен, шешімін таппаған мәселелер де аз емес. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында объективті және тәуелсіз сот әділетті мемлекеттің негізі екенін атап көрсетті.