Мәжіліс депутаттары Әкімшілік және Қылмыстық кодекске енгізілетін экологиялық түзетулерді мақұлдады

Мәжіліс депутаттары Әкімшілік және Қылмыстық кодекске енгізілетін экологиялық түзетулерді екінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобаларына екінші оқылымда енгізілген түзетулерді Мәжілістегі Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Ғалымжан Елеуов таныстырды. Оның айтуына қарағанда, ҚР Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстеріне экологиялық құқық бұзушылықтар үшін жауаптылықты күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу талабы Мемлекет басшысының тиісті тапсырмаларынан туындап отыр.

«Қазақстанның ұлттық парктері мен басқа да табиғи байлықтарын қорғау, осы салада заң бұзған азаматтарды қылмыстық қадағалауды қатаңдату міндеті қойылып отыр. Депутаттар екінші оқылымға Президенттің вандализм, қоғамдық және жеке мүлікті бүлдіргені үшін жауаптылықты қатаңдату туралы тапсырмасын олрындауға бағытталған түзетулер енгізді», - деді депутат.

Мәжіліс депутаттары аталған заң жобасын екінші оқылымда мақұлдау туралы шешім қабылдады.

Сондай-ақ Мәжіліс Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске экологиялық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауаптылықты күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.