Тоқаевтың Францияға сапары аяқталды

Парижде Президент Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Бас хатшысы Матиас Корманмен кездесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен ұйым арасындағы табысты ынтымақтастық деңгейін атап өтті. Осыдан соң қазақ басшысын француз тарапы салтанатты түрде елге шығарып салды. Қорған Қонысбайұлы сөз алады.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының штаб пәтері осы Парижде орналасқан. Біздің елдің өкілдері осы кезге дейін ұйымның 42 құқықтық құжатына қол қойған. Құрылымның 37 органының жұмысына қатысамыз. Әрі Қазақстан ұйымның Еуразия елдерінің бәсекеге қабілетін арттыру, жемқорлықпен күрес және жасыл экономиканы дамыту жөніндегі өңірлік бастамаларына белсенді түрде қолдау көрсетіп келеді. Байланыс жандана түседі. Осы жолы қазақ Үкіметі мен ұйым арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойылды. Мемлекет басшысы мұны ұйыммен ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруда маңызды қадам болады деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Кеше Президент Макронмен кездесуде біз екіжақты қарым-қатынастың көптеген аспектісіне қатысты ұстанымдарымызды нақтылап, маңызды құжаттарға қол қойдық. Сонымен қатар Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен өзара байланыс Қазақстан үшін әрқашан басым бағыттың бірі болғанын атап өткім келеді. Ұйыммен байланысты нығайтуға ниеттіміз. Сондай-ақ еліміздің экономикалық дамуына қатысты ұйымның ұсыныстары мен кеңесі үшін ризашылығымды білдіремін.

Өз кезегінде Матиас Корман Қазақстанның ұйыммен ынтымағын оң бағалалады. Бұл қазақ басшысының Францияға жасаған ресми сапарының соңғы кездесуі еді. Осыдан соң Мемлекет басшысы әуежайға аттанды. Француз тарапының құрметі ерекше. Салтанатпен шығарып салды.  

Ресми сапардың қорытындысы мынадай. Екі ел арасында жиыны 35 құжатқа қол қойылды. Ең ірісі біздің Энергетика министрлігі мен Францияның Еуропа және Сыртқы істер министрлігі арасындағы келісім. Екі тарап бірлесіп Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясын салуға уағдаласты. Жоба құны 2 миллиард долларға жуықтайды. Қауіпсіздік ісінде де екі ел бір-біріне көмектесуге дайын. Тоқаев пен Макрон жаһандық және өңірлік деңгейде бейбітшілікті, тұрақтылықты нығайтуда өзара жәрдем беруге әзір екендерін жеткізді. Енді бізге француз президенті келмек. Қазақ басшысы әріптесі Макронды Қазақстанға шақырды. Осыдан-ақ екі басшының бір-біріне деген ықыласын бажайлауға болады. 

Қорған Қонысбайұлы