Елде күретамырлы қан қысымы жоғары 1,5 млн науқас есепте тұр

Елде күретамырлы қан қысымы жоғары 1,5 млн науқас есепте тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

8 мыңнан астам адам бүйрек жеткіліксіздігі дертіне шалдыққан. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде жоқ тұрғындар үшін қатерлі ісік ауруларын ерте анықтау скринингі қолжетімсіз.

Бүгін Сенат депутаттары денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді сала басшысымен бірге талқылады.

Елдегі өлім көрсеткіштерінің 84%-і инфекциялық емес аурулардан болып тұр. Қан айналымы жүйесі, жүрек-қан тамыры ауруларынан жылына 40 мың адам көз жұмады. Тұрғындардың 2,2%-і қант диабеті бойынша диспансерлік есепте. Бұл - 440 мың адам. Елдегі бірде бір аудан осы күнге дейін медициналық қызметкермен 100% қамтамасыз етілмеген. Салдарынан кейінгі жылы тұрғындардың шағымы екі есеге көбейді. Бұл денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелердің бір ғана парасы.

Ольга Перепечина, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Бүгінге дейін денсаулық сақтау саласында ауқымды жұмыс атқарылғанымен, Ұлттық жобаны іске асырудың екінші жылы өтіп жатса да, проблемалар әлі де өткір қалпында қалып отыр. Ол: Емханалардағы ұзын-сонар кезек, маман тапшылығы. Әсіресе, ауылдық жерлерде мәселе көп.

Сенаторлар салада қордаланған мәселені ашып айтты. Міндетті сақтандыру жүйесіне енбеген халық дәрігерлік көмекке қол жеткізе алмай отыр. Сақтандыру жүйесінде олқылық бар.

Алтынбек Нухұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Медициналық сақтандыру қорының міндетті әлеум мед сақтандыру туралы заңында бекітілген міндеттемелерді орындамауы қордың өзін де, МӘМС жүйесінің де беделін түсіреді. Әділетті Қазақстанда сақтандырылған тұлғалардың мед қызметтерді толық көлемде алу құқығын қалпына келтіру қажет.

Ана мен бала өлім-жітімінің жиілегені алаңдатады. Сақтандыру жүйесіне енбеген азаматшаларға жүктілікті жоспарлау мен емдеу шаралары қолжетімсіз болып тұр.

Ажар Ғиният, ҚР денсаулық сақтау министрі:

- Жүйені жақсарту, жаңарту жөнінде қазіргі кезде Үкіметтің аясында барлық мем органдармен ұсыныстарымыз талқыланып жатыр. Олқылықтар бар, соны жақсарту үшін қабылданған ұсыныстарымызды сіздерге жеткіземіз.

Сергей Ершов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Мен бүгін денсаулық сақтау министрінен қаржының жетпейтіндігі, құрал-жабдықтың аздығы, дәрігерлердің төмен біліктілігі секілді онсыз да баршаға аян мәліметтерден гөрі , «не істеу керек?» деген сұраққа жауап естігім келді. Себебі, біз ертеңгі күні өңірлерді аралап, жергілікті халықпен кездесеміз. Сол кезде мәселелерді шешу жолдарын жеткізуіміз керек.

Ажар Ғиният биыл елде өлім-жітім 28%-ке төмендегенін айтты. Жыл соңына дейін 92 емдеу мекемесі ашылады. Ал келер жылы оқуын тәмамдайтын 11 мың жас маман қатарға қосылады.