Лондонда «Қазақстан және Ұлыбритания. Стратегиялық әріптестер» атты кітаптың тұсаукесері өтті

«Қазақстан және Ұлыбритания. Стратегиялық әріптестер». Тұманды Альбионда Лондон мен Астананың 30 жылдық дипломатиялық қарым-қатынасын дәріптеген кітаптың тұсаукесері өтті.

Құнды дүниеде қазақстандық және британиялық жоғары лауазымды саясаткерлер өз естеліктерімен бөлісіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың бүгіні мен болашағы туралы сыр шертеді. 

Ұлыбритания – ұлы дала елімен алғашқылардың бірі болып, ресми дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан мемлекеттердің бірі. Соңғы 30 жыл көлемінде қос мемлекет тығыз стратегиялық әріптестік орната білді және бұл игі үрдіс жалғасын тауып келеді. "Қазақстанда қолға алынған ауқымды реформалар әріптестікті одан әрі нығайтуға жол ашады", – дейді кітап авторлары.

Бұл бастамалар халықаралық терроризм, ғаламдық жылыну, ядролық, азық-түлік, су және энергетикалық қауіпсіздік сияқты жаһандық сын-қатерлерге біріге төтеп беруге мүмкіндік береді.

Майк Гиффорд, Ұлыбританияның Қазақстандағы бұрынғы елшісі (2018-2021 жж.):

- Соңғы айлардың ішінде байқағанымыз, саяси және экономикалық реформалар қолға алынып жатыр. Бұл Британ үкіметі қолдауы тиіс бастамалар деп ойлаймын. Сайлау, саяси партиялар және президент билігінің мерзіміне қатысты соңғы өзгерістер тек үкіметті ғана емес, бизнес қауымдастықты да қуантады. Өйткені Қазақстанның бұл бағытта оң нәтижелерге жетуі инвесторлар үшін тиімді.

Ұлыбритания Қазақстан экономикасына жалпы 20 млрд доллардан астам қаражат құйды. Соңғы екі жылда бұл үрдіске коронавирус пандемиясы да кедергі бола алмады. Керісінше, оң динамика байқалып, 2021 жылы инвестиция көлемі 20%-ке, екіжақты сауда көлемі соңғы 9 айдың қорытындысы бойынша 61%-ке ұлғайған. 

Мағжан Ілиясов, Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі:

- 30 жыл ішінде саясат пен экономикада қол жеткізілген жетістіктер туралы ғана емес, стратегиялық әріптестікті нығайту үшін болашақта жасалуы тиіс жұмыстар да талданды. Ауқымды бағыттарды алып қарайтын болсақ, ауыл шаруашылығы, тау-кен өндіру, жасыл энергетика, транспорт-логистика салаларының келешегі қызықтырып отыр.

Алдағы уақытта парламентарийлер арасындағы ынтымақтастықты нығайту көзделген. Бұдан бөлек, Қазақстан мен Ұлыбританияның іскерлік кеңес бағыты бойынша және шағын және орта бизнес байланыстарына басымдық беру жоспарланып отыр.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы