Мусин: Интернет сапасыз екенін мойындаймыз

Биыл сапасыз интернет үшін байланыс операторларына 1,2 млрд теңге көлемінде айыппұл салынған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жөнінде бүгін Парламент қабырғасында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлімдеді. Ведомство басшысы Үкімет сағаты барысында елде интернетпен қамту жайы мен осы бағыттағы проблемаларды да атады. Министрдің сөзінше интернеттің сапасыз болуына – желідегі жүктеменің артуы да себеп. Яғни, ғаламтор пайдаланушыларының саны өскен. Бұл жағдайды базалық станциялар шеше алар еді. Бірақ, радиофобиясы бар тұрғындар қосымша антенналардың қойылуына қарсылық білдіруде. Бұндай жағдайлар өзге өңірлер түгіл, Астана қаласында да жиі кездесетін көрінеді.

Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

- Бізде Мәңгілік ел даңғылында 100-ге жуық базалық станция орнатылған болса, олардың 20 пайызын біз күнделікті айырбастау жұмыстарын жүргізудеміз. Бір төбеден алып, басқа төбеге қоюдамыз. Бұл операторлардың жұмысы. Өйткені ғимаратта 1000 адам тұрса, 1 адамы жоқ бұл құрылғыны әкетіңдер, бұл құрылғы керек емес, зиян келтіреді деген шағым айтса, опреторлар оны алып, басқа жерге орнатады. Яғни, бір төбеден шешкен кезде құрылғы жұмыс істемейді, базалық станция жоқ, сондықтан кейбір кезде сапасы да төмендейді.