Өзбекстанда өтіп жатқан «Абай. Бауырлас халықтар мұрасы» көрмесі тағы 10 күнге ұзартылуы мүмкін

Қазақтың тарихы, рухани құндылығына негізделген шара ұлттық болмысымыздан мол мағлұмат береді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әрі достық, бауырластық байланысымызды тереңдете түседі. Көрмені әуелі екі елдің президенттері тамашалады. «Жидебай-бөрілі» қорық музейінен әкелінген құнды экспонат, Абайдың тұтынған заттары және кітап күйінде басылып шыққан рухани еңбектер таныстырылды. Мемлекеттер басшыларына қазақтың көне кілемдері де көрсетілді. Қол еңбегімен тігілген жәдігерлер әлі күнге сыры мен сәнін жоғалтпаған. Топтамада сандық, кебеже сынды ежелгі тұрмыс бұйымдары да бар. Көрмені Ташкент тұрғындары мен қонақтары үшін 10-қаңтарға дейін ұзарту мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Тиісті шешімді Өзбекстанның мәдени мирас министрлігі қабылдайды.

Дана Бектаева, «Қазақ кілемдері» топтамасының авторы:

- Бұл – біздің ең құнды жәдігеріміз. 19-ғасырда жасалған. Бүгінгі күнге дейін сақталып келеді. Өте сирек кездесетін кілем. Қазақстанда 8 ғана данасы бар. Жүннен тоқылған және тігісі берік келеді.

Тұрдықұл Шаңбай, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры:

- Бұл үлкен дүниенің басы деп қабылдаңыздар. Өйткені бұл жақта қандастар да көп тұрады. Өзбек халқы бөтен емес. Қазақта мақал бар, «өзбек – өз ағам» деген. Сонымен қатар 14 жаста жазған өлеңінде Абай Шығыстың алыптары ішінде медет сұраған. Соның бірі – Науаи.