Санкт-Петербургте ТМД-ға мүше мемлекет басшыларының бейресми кездесуі өтті

Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Санкт-Петербург қаласына барды, деп хабарлайды «Хабар 24».   

ТМД мемлекеттері басшыларының бейресми кездесуіне қатысыу үшін Борис Ельцин атындағы президенттік кітапханаға ат басын бұрды. Мемлекет басшысын Ресей Президенті Владимир Путин қарсы алды.

Қазақстан ТМД-ға төрағалығы аясында 80-нен астам іс шара өткізді. Ұйымның беделін арттырып, экономикалық-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту бағытындағы бастамаларды жүзеге асырды. Ең алдымен ТМД-ның 2030 жылға дейінгі стратегиясына ерекше назар аударды. Астана самиттін өткізді. Қаңтар-қазан аралығында  біздің елдің ТМД-ға мүше мемлекеттермен тауар айналымы 11% артып, 30 миллиардқа жетті. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5 млрд долларға көп. Бұл жақсы үрдіс деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бірақ алға жылжу керек. Өңірлік сауда-саттықтың қарқынын сақтап, экономикалық саясатты қазіргі жағдайға бейімдеуге қажетті міндеттерді атады.

Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Президенті:

- Сауда-саттыққа қолайлы жағдай жасауға баса мән беру керек. Ол үшін тарифтік және тарифтік емес кедергілерді жою, протекционизмге жол бермеу жұмыстарын жан-жақты жүргізген жөн деп есептейміз. Азық-түлік қауіпсіздігі мәселелеріне қатысты іс-әрекеттерді жолға қою қажет. Келесі жылы Астанада өтетін ТМД-ға мүше мемлекеттер министрлерінің конференциясы осы салада ортақ тәсілдер қарастыруға арналады. Осы саладағы министрлер белсенді қатысады деп сенеміз. ТМД кеңістігінде көлік-логистикалық жобалардың тиімділігін арттыру үшін ынтымақтастықтың жаңа механизмдері мен форматы керек. Осы тұста «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық дәлізінің маңызы артып отыр, сондай-ақ «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» темір жолы маңызды көлік бағыты ретінде зор рөл атқарады.

Мемлекет басшысы қауіпсіздік саласындағы іс-әрекеттерді келесі маңызды бағыт ретінде атап өтті. Қазақстан төрағалығы аясында қабылданған 2023-2025 жылдарға арналған терроризм мен экстремизмге қарсы күрестегі ынтымақтастық бағдарламасы бұл міндеттерді атқаруға толық сай келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Президенті:

– Ұйымды қазіргі жаһандық жағдайларға бейімдеу үшін оның әлеуетін үнемі жетілдіріп, Достастықтың халықаралық аренадағы беделін күшейтуге тура келеді. Жақын арада ТМД жанындағы Бақылаушы және Достастықтың серіктесі институттарын құруға қатысты құжаттарды әзірлеу жұмыстары басталады. ТМД кеңістігінде ортақ мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық және тілдердің қолданыс аясын кеңейту ісінің мәні зор. Санкт-Петербургке Достастықтың 2023 жылғы Мәдени астанасы ресми мәртебесін беру ТМД-ға мүше мемлекеттер арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға ықпал етеді.