Мәжіліс газ нарығына қатысты құжатты мақұлдады
Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар сұйытылған газ нарығына қатысты құжатты да қарады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Нақтырақ айтсақ, "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сұйытылған газ айналымын реттеу процестерінің реинжинирингі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Осылайша, нарық субъектілерінің фискалдық деректер операторына ақпарат беру жөніндегі міндеттемелері кеңейтіледі.
Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бөлшек сауданың көлемі, бағасы, нақты уақыты мен орны туралы ақпарат қамтылады. Өнеркәсіп кешендерінің, жанармай мен газ құю станцияларының, газ тарату қондырғыларының анықтамалары мен функционалдық мүмкіндіктері нақтыланады. Заң жобасы энергетика саласындағы уәкілетті органға сұйытылған газға баға белгілеу әдістемесін анықтауға және нарықты реттеу үдерісін толық автоматтандыруға мүмкіндік береді.