Алматыда қалалық мәслихат депутаттығына үміткерлердің құжаттарын тіркеу рәсімі жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қазақстан Халық партиясының өкілдері шаһардың аумақтық сайлау комиссиясына бір мандатты округтерден және партиялық тізім бойынша сайлауға түсетін үміткерлерін ұсынды. Олардың құжатын партияның Алматы қалалық филиалының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов табыстады. Үміткерлер қоғамның әртүрлі саласын қамтиды. Мәдениет және спорт қайраткерлері, мүмкіндігі шектеулі жандар, құқық қорғаушылар, шығармашылық сала өкілдері, экологтар, кәсіпорындар мен өнеркәсіп орындарының басшылары бар. Кандидаттардың үшеуі VIІ шақырылымда мәслихат депутаты болған.
Нұрсұлтан Шоқанов, Қазақстан Халық партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы:
- Бүгін Қазақстан Халық партиясының Алматы қалалық филиалы 19 наурызда өтетін сайлауға партиялық тізім бойынша өз кандидаттарын мәслихатқа ұсынды. Біздің тізімге 42 үміткеріміз енді. Олардың арасында қоғам белсенділері мен спортшылар, кәсіпкерлер бар. Жас ерекшелігі де әрқилы. Ең жасы 23-те болса, үлкені 60-тан асқан.
