Ә. Қуантыров: Өңірлік инфрақұрылымды дамыту қажет

«Алматы облысындағы «G4City» арнайы экономикалық аймағын құру үшін алдымен дамыған инфрақұрылым керек».

Бұл туралы еліміздің Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді. Өңірге жұмыс сапарымен келген ол  бірқатар ауқымды жобалармен танысты. Алдымен Қонаев қалысындағы кеспе мен сусын шығаратын зауытта болды. Мыңға жуық адам жұмыс істейтін өндіріс орны жылына 85 тонна дайын өнім шығарады. Министр жаңадан салынып жатқан балық өсіру кешеніндегі құрылыс барысын көрді. Ал облыс әкімдігінде Қонаев қаласының бас жоспарымен танысты. Болашақта қала солтүстікке қарай кеңейіп, халық саны 200 мың адамға жетеді деген жоспар бар. Қаладағы ескірген кәріз жүйесін жаңалап, жаңа ықшам аудандар, әлеуметтік нысандар салуға бюджеттен қосымша қаражат керек. Сонымен бірге министрге Алматы мен Қонаев арасындағы ««G4City» экономикалық аймағының әлеуеті баяндалды. Серіктес төрт қалада  ғылыми қаржы іскерлік орталықтар, өндіріс пен кәсіпкерлік нысандар, білім ошақтары мен демалыс аймақтары болады. Сапар барысында Қуантыров өңірдің кәсіпкерлерлерімен кездесіп, бизнесті қолдау, үкіметтік субсидия жөніндегі сұрақтарына жауап берді.

Индира Әділ, кәсіпкер:

- Біз жеңіл өнеркәсіппен айналысамыз. Жұмысшыларымыздың 90% ауылдық жерлерде тұратын әйелдер. Арнайы экономикалық аймаққа біздің де қызметіміз кірсе дейміз. Қазір қалаға жұмысқа баратындар көп. Ал экономикалық аймаққа инвестиция тартылып, жаңа кәсіпорындардың ашылуына мүмкіндік жасалады дейді. Бұдан бизнес дамып, халыққа да жұмыс табылар еді.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Әрине «G4City» ерекше жоба болып табылады. Қонаевты дамыту үшін. Содан кейін демографиялық қысымды Алматы қаласынан шығару үшін, жалпы агломерацияны дамыту үшін біз тиісті шараларды қабылдайтын боламыз Үкімет жағынан. Алматы облысымен бірге Қонаев қаласы әкімдігімен бірге тиісті жұмыс атқаратын боламыз.