Сенаттағы тыңдауда не жайлы айтылды?

Электр станцияларындағы негізгі жабдықтардың 57 процентті тозған.

Ал кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш 88 процентке жеткен. Бұл жөнінде Cенатта өтіп жатқан парламенттік тыңдауда айтылды. Мемлекет қабылдаған шараларға қарамастан бүгінгі таңда нашар жолдар, тұрғын үйдің жетіспеуі мен қолжетімсіздігі, жекелеген өңірлерде газдың болмауы сынды проблемалар шаш етектен. Осыған байланысты ретсіз көші-қон деңгейі де артқан. Тіпті шекаралық өңірлер жалаңаш қала ма деп қауіптенуде сенаторлар.

Екібастұз бен Риддер қалаларында болған апат, елдегі жылу желілерінің әбден ескіргенін көрсетті. Қақаған қыста қараша халық үйінде бүрсең қаққан мысалдарды бүгін сенаторлар жіпке тізіп, Үкіметті шұғыл шешім қабылдауға шақырды.

Серік Шайдаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Электр станцияларының негізгі жабдықтарының тозуы 57%-ды құрайды. Ал жекелеген өңірлерде бұл көрсеткіш 88%-ға жетеді. Электр желілерінің 66 пайызға тозуы өңірлердің желілерінде тасымалдау кезінде электр энергиясының 11%-ға жоғалуына әкеліп отыр. Өңірлер бөлінісінде желілердің тозу деңгейінде елеулі алшақтық байқалады. Мысалы, Астана қаласында бұл көрсеткіш 29% болса, Ұлытау облысында - 70%, Қостанай облысында - 85%.

Кей өңірлерде жылу электр орталығының 92 пайызы тозған. Қазір 3 мың шақырымнан астам желіні ауыстыру қажет. Бұл ретте сенаторлар жаңғырту жөніндегі жобаларды қаржыландыру жеткіліксіз деңгейде жүргізіліп жатыр деді.

Серік Шайдаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Барлық осы проблемалардың басты себептерінің бірі – ол олигополия және жылу мен электр энергетикасы кәсіпорындарының аффилирленуі болып табылады. Жылу электр орталығының шамамен 60%-ы жеке меншікте. 64% электр энергиясын тек 5 компания өндіреді.

Мәселе шаш етектен. Дегенмен, Үкімет те қол қусырып отырған жоқ. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың айтуынша, салада ауқымды жобалар қолға алынған. Ал жылуға қатысты бақылау күшейді.

Роман Скляр, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

- Меншік иелерінің жауапкершілігі қайта қаралып, бақылау-қадағалау функциялары мен саланың  жалпы тиімділігі күшейтілуде. Арнайы комиссия тез арада жаңғыртуды қажет ететін 19 проблемалы ТЭЦ-ті анықтады. Мемлекет басшысының  тапсырмасымен Көкшетау және Семей қалаларында  жаңа жылу электр станцияларын салу, Павлодар мен Екібастұздағы жылу электр станцияларын жаңғырту  жұмыстары  жүргізілуде.

Тағы Роман Скляр осы жылы сумен қамту қызметіне 172 млрд теңге бөлу көзделгендегін атады. Нәтижесінде  ауыз сумен қала тұрғындарының 98,7, ауыл тұрғындарының 96 пайызы қамтылады. Ал 2025 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспарланған.

Риат Шони, Марат Диханбаев және Жандос Битабаров