AMANAT партиясының республикалық сайлауалды штабы өңірлерде сайлаушылармен кездесуді бастады.
Штаб мүшелері алдымен Түркістан облысына барып, зиялы қауыммен жүздесті. Жиында рухани құндылықтар, ұлттық мәдениет пен шығармашылық адамдарын қолдау шараларына ерекше назар аударылды. Бұдан соң, штаб мүшелері Кентауда қалалық жылу электр орталығы - 5 ұжымымен кездесті. 1952 жылы іске қосылған жылу энергетикалық торап бүгінде 14 мыңға жуық абонентті қамтамасыз етеді. Онда партиялықтар тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту, еңбек адамының мүддесін қорғау және басқа да мәселелерді талқылады.
Ерлан Қошанов, AMANAT партиясының төрағасы:
- Үлкен саяси дода басталды. Бұл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолға алған реформаларының, соның ішінде негізгі саяси институттарды жаңғыртудың ең соңғы сатысы десек те болады. Сайлауалды науқанымызды біз осы қасиетті Түркістаннан бастайық деп отырмыз. Бұл сайлау енді елді бөлетін емес, елді біріктіретін сайлауға айналса екен деген біздің тілегіміз бар.
