Павлодар облысы бойынша Парламент мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттығына 688 кандидат ұсынылды.
Бүгінгі күнге дейін азаматтардың 600-ге жуығы ресми түрде тіркелген. Олардың көпшілігі аудандық және қалалық мәслихаттар бойынша сайлауға қатыспақ. Орташа есеппен бір мандатқа үш адам тіркеліп отыр. Сонымен қатар, саяси партиялар атынан 77 азамат кандидаттығын ұсынған. Үміткерлердің басым бөлігі ер азаматтар болып шықты. Ең жас кандидат 20-да болса, ал ең үлкені 72-де. Сайлау комиссиясы өкілдерінің айтуынша, бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш.
Гүлнәр Аманжолова, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы:
- Бұрынғы сайлауларға қарағанда осы жолғы бәсеке күшті болмақ. Заң бойынша бір сайлау округінде кем дегенде екі кандидат тіркелуі керек. Ал өңірімізде кей учаскелерде 10 үміткер бар. Ендігі мақсатымыз, саяси науқанды заңбұзушылықтарсыз, барлық талаптарға сәйкес өткізу.
