Былтыр ауыл шаруашылығы саласындағы өсім 9,1%-ті құрап, диқандар 23 млн тоннаға жуық астық жинады. Бұл оң нәтижеге күнделікті еселі еңбегімен еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға зор үлес қосып жүрген ауыл азаматтарының арқасында жеттік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аграрлық бизнес өкілдерімен кездесуінде осылай деді.
Жиында Президент кәсіпкерлермен бірге ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді талқылады. Олар өндірісті әртараптандыру, шикізатты терең өңдеу және қант саласын дамыту, сондай-ақ ішкі нарықты қамтамасыз етіп, экспорттық әлеуетті арттыру мәселелерін қозғады. Сондай-ақ сала серпілісіне қаражат бөлу мен пайдаланудың тиімділігі, жер және су ресурстарын әділ бөлу мәселелері де көтерілді. Президент баяндамаларды тыңдап, Үкіметке айтылған барлық ұсынысты назарға алуды және кәсіпкерлердің пікірін ескере отырып, ауыл шаруашылығының жай-күйіне мұқият талдау жүргізуді тапсырды. Мемлекет басшысы мұндай кездесулерді тұрақты түрде өткізіп тұру керек екенін айтты.
