Қазақстандықтардың 71,7%-і еліміз дұрыс бағытта дамып келе жатыр деп есептейді. Бүгін Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин осылай деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазір азаматтардың сайлау науқанындағы ерекше белсенділігін байқауға болады. Яғни, халық елде жүргізіліп жатқан реформаларға сенім білдіріп отыр, - деді Ерлан Қарин. Мемлекеттік кеңесші бұл сайлаудың алғышарты Президенттің Жолдауында қаланғанын атап өтті. Нәтижесінде 1 жылда партиялар үшін шынайы бәсекелестік орта қалыптасып, азаматтар өзін-өзі депутаттыққа ұсынуға мүмкіндік алды.
Ерлан Қарин, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі:
- Сайлауға қоғам қайраткерлері мен азаматтық белсенділердің көптеп қатысып жатқаны олардың жүргізіліп жатқан реформаларға сенімі мен қолдауын білдіреді. Елімізде соңғы жылдары орын алған барлық өзгерістерді, барлық жаңашылдықтар мен реформаларды жұртшылықтың қызу қолдап отырғанын халық арасында жүргізілген әлеуметтік зерттеулер де көрсетіп отыр. Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының мәліметінше, қазақстандықтардың 71,7%-і еліміз дұрыс бағытта дамып келе жатыр деп санайды.
