Премьер-министр Жетісу облысына жұмыс сапары кезінде бірқатар нысанды аралады

Талдықорғандағы ғимараттар мен үйлердің 75%-ін жылытатын «Басқуат» қазандығына күрделі жөндеу жүргізіледі. 40 жыл бұрын салынған орталықты заманауи қондырғылармен жабдықтап, мүмкіндігін арттыру үшін мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі. Жетісу облысына жасаған жұмыс сапарында еліміздің Премьер-министрі Әлихан Смайлов осылай деді. Үкімет басшысы одан бөлек шаруалармен кездесті. Әлеуметтік нысандарды аралады. Өңірдің экономикалық даму барысын бағамдап, қызылша өндеу ісін көзбен көрді, деп хабарлайды «Хабар 24»

Көксу зауыты былтыр 70 мың тонна қант шығарды. Оның басым бөлігі қант құрағын өңдеу арқылы алынды. Кәсіпорындағылар қазір де сол жұмысты атқарып жатыр.

Алтынбек Абатов, зауыт директоры:

- 7 мың тонна қант құрағын қабылдап алдық. Соның 2 мың тоннасын өңдеп болдық. Қазір сол қоймаларымызда 2 мың тоннаға жуық қант бар.

Облыста биылдан бастап қант қызылшасын өсіруге қайта басымдық беріледі. Кешенді жоба негізінде алдағы 3 жылда егістік көлемі үш есеге ұлғайтылмақ. 15 мың гектарға себілген тәтті түбір мен қамыс құрағын өңдеу арқылы 2026 жылы 525 мың тонна қант шығарылады. Жоспардың биылғы межесі де ауқымды.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

- Қант қызылшасы алқабын екі есе ұлғайтып жатырсыздар. Біз Үкімет тарапынан субсидияны едәуір көтеріп жатырмыз. Соның арқасында ішкі нарықты өзіміздің өңделген қантпен қамтамассыз етуіміз керек. Сондықтан осы облыстағы қант өңдеу зауыттарынң шығаратын өнімдерін мемлекет басшысының тапсырмасымен 1-2 жылда 180 мың тоннаға жеткізу тапсырмасы тұр. Сол үшін жұмыла жұмыс істеуіміз керек.

Жетісу – аграрлы аймақ. Сондықтан экономиканың негізгі тірегі – ауыл шаруашылық саласы. Оны дамыту үшін өңірде 9 ірі инвестициялық жоба жүзеге аспақ.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

- Ауыл шаруашылық саласына инветсиция тарту маңызды. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша нақты көріністе инветиция көлемі 8%-ке ұлғайды. Биыл одан да жоғары жасауымыз керек. Ол үшін арнайы бюджеттен 25% субсидияны қайтаруды көздегенбіз. Және де көкөністерді сақтау қоймасы бойынша субсидияны 50%-ке жеткіземзі. Бұл орайда үйлестіру өте маңызды.

Әлихан Смайлов шаруалармен де кездесті. Дала еңбеккерлері үкімет басшысынан отандық дәнді дақыл тұқымына берілетін субсидияны көбейтуді сұрады. Сонымен қатар сүт өндірісіне арналған қолдау қаражатын шағын шаруаларға да беру мәселесін көтерді. Қазір өңірде 36 тауарлы сүт фермасы бар. Бірі Көксу ауданында орналасқан. 900 сиыр сауылып отырған кешен толықтай автоматтандырылған. 

Рахим Каримов, зауыт директоры:

- Біз, ең бірінші, сондай робот алғанбыз. Сол арқылы бүгінгі күнге өте сапалы сүт өндіреміз. Негізі робот өзі сүттің сапасын тексереді. Биыл 5 ферма «семейный» құрайын деп жатырмыз.

Кейінгі кезде Талдықорғандағы жылу жүйелерінде апат жиілеген. Оның себебі құбырдың 65%-ке ескі. «Басқуат» қазандығының 85%-ке тозған. 42 жыл бұрын салынып, қаладағы ғимараттар мен үйлердің тең жартысынан астамын жылытатын мекемеге күрделі жөндеу қажет. 

Әсет Масабаев, қала әкімі:

- Қазіргі таңда 200 Гкал қуатын 300 Гкал көтеру. Осының аясында жапсарма ғиммарат ретінде 100 Гкал қазандықтың құрылысы. Одан кейін 3-4 жыл ішінде 4 қазандықты жаңа қазандыққа ауыстыру. Бұл өз кезегінде қаламызға жылу қорын 15-20 жылға дейін ұзартады. Республика тарапынан қолдау болса, жобаның жалпы құны 25 млрд болып отыр.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

- Республика тарапынан қолдау көрсетпесек, мұндай үлкен жоба іске аспай қалады. Ол, бір шетінен, тарифтің есебінен болады. Екінші, жергілікті бюджет есебінен, үшіншіден, республикалық бюджет есебінен қолдау көрсетілетін болады.

Жетісу облысының транзиттік мүмкіндігі мол. Өңірдің Қытаймен шектесетін шекара шебінде «Қорғас» және «Нұр жолы» өткізу пункіттері жұмыс істеп тұр. «Достық» және «Алтынкөл» станциясы да бар. Сондықтан Үкімет басшысы өңірде көлік және теміржол логистикасын дамытып, туризмнің әлеуетін арттыруды тапсырды.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов.