Қазақстан халықаралық қауымдастықты ғаламдық сын-қатерлерді шешу үшін бірлесуге шақырды.
Бұл туралы еліміздің Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Женевадағы БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 52-сессиясында мәлімдеді. Форумға әлемнің 150 елінің өкілдері қатысып жатыр. Мұхтар Тілеуберді өз сөзінде еліміздегі саяси және әлеуметтік реформалар жайлы баяндады. Олардың ішінде адам құқықтары туралы омбудсменнің мандаттарын нығайту, бала құқықтары туралы конвенцияға қосымша хаттаманы бекіту, елімізде саяси партияларды тіркеу процедуарсын оңтайландыруды атап өтті.
Мұхтар Тілеуберді, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - сыртқы істер министрі:
- Қазір әлем жаңа ғаламдық сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырғанда адам құқықтарын сақтау маңызды. Сондықтан ғаламдық тұрғыда өзара диалог пен сенімділікті нығайту қажет. Тарих бізге қазіргідей сын-қатерлермен күресте саяси ерік-жігермен қатар диалог пен ынтымақтастыққа жүгіну керектігін көрсетті. Осы ретте біз қазір түрлі дағдарыстарды еңсеру үшін мемлекеттерді бірлесіп әрекет етуе шақырамыз.
