loader


19 наурызда сайлаушыларға 5 бюллетень беріледі

19 наурызда сайлаушыларға 5 бюллетень беріледі. Тұрғындар шатаспас үшін бюллетендердің түсі әртүрлі болады.

Жалпы, сайлау кезінде дауыс берушілер қандай талаптарды білуі керек? Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының өкілдері Семейде өткен көшпелі семинарда айтты.

Көшпелі семинарда өңірдің түкпір-түкпірінен келген аумақтық сайлау комиссияларының мүшелеріне заңнамадағы өзгерістер жан-жақты түсіндірілді. «Сайлауды байқаушылар мен журналистерді тіркеу бойынша заңнамаға өзгерістер кіргізілген. Дауыс берушілер бюллетендерді қалай қолдануды да жақсы білгені ләзім. Мұның маңызы зор», - дейді Орталық сайлау комиссиясының мүшелері.

Әйгерім Тәжиева, Орталық сайлау комиссиясы аппаратының электораттық оқытуды ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі:

- Сайлауда 5  бюллетень қолданылады. Мәжіліс бойынша 2 бюллетень, мәслихат бойынша 3 бюллетень. Бес түсті болады. Сайлаушылармен қатар сайлау комиссиясы мүшелеріне ыңғайлы болып есептеледі.

Қазір Абай облысы да саяси додаға қызу әзірленіп жатыр. Аймақта 416 мың сайлаушы тіркелген. 478 сайлау учаскесі құрылған. Өңірдегі аудандар да сайлауға сақадай сай. Мәселен, Ақсуат ауданында 11 бір мандаттық сайлау округі ашылған. «27 үміткер құжатын өткізді. Он адам үш партиядан, қалғаны өзін өзі ұсынған азаматтар» дейді аудандық аумақтық сайлау комиссиясының өкілдері.

Ғанимұрат Закарянов, Ақсуат аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы:

- Жалпы аудан бойынша 12 276 сайлаушы бар. 23 учаскелік сайлау комиссиялары өз жұмысын бастады. Үміткерлер белсенді. Қазір үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Алдағы маңызды науқанға өңір тұрғындары да қызығушылық танытып отыр. Үміткерлер ел сенімін ақтаса деген тілекте.

Блиц

- Халыққа қызмет істесе деймін. Елдің әлеуметтік жағдайын жақсартса.

- Өзгерістер болады деп ойлаймыз. Заман бұрынғыдай емес. Халық өзіне қажетті дүниелерді ашық жеткізе алады.

- Бағдарламалары ұнап жатыр. Көңілден шығып жатыр. Ең бастысы берген уәделері орындалса дұрыс.

Сайлауға Абай облысынан 413 адам өз кандидатурасын ұсынған. Оның 50-і облыстық мәслихатқа, 8-і Парламент Мәжілісіне депутаттыққа үміткер.

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов

Сондай-ақ...