Президент ұсынысы әлемдік қауымдастықтан қолдау тапты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биологиялық қауіпсіздік бойынша халықаралық агенттік құру туралы бастамасын әлемдік қауымдастық қолдайды. Бұл туралы Женевада өтіп жатқан БҰҰ-ның Қарусыздану жөніндегі конференциясында Жаппай қырып жою және ғарыш қауіпсіздігі бағдарламасының директоры Джеймс Ревилл мәлімдеді.

Еліміздің Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді шараға онлайн қатысып, сөз сөйледі. Онда соңғы жылдары әлемдегі геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты алпауыт мемлекеттерді 1 жыл бұрынғы ядролық соғысты болдырмау туралы мәлімдемелерін орындауға шақырды. Стратегиялық шабуылдаушы қару-жарақ бойынша келісімшартты 2026 жылдан кейін қайта қарауды ұсынды.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ҚР Сыртқы істер министрі:

- Қарулы қақтығыстар, орасан зор ядролық қару-жарақ арсеналдары, жойқын қаруды қолдану қауіпінің артуы әлемдегі тұрақтылыққа қатер төндіріп тұр. Сондықтан ядролық мемлекеттердің өзара диалогты қалпына келтіруі өте маңызды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биологиялық қауіпсіздік жөнінде арнайы халықаралық орган құруға шақырды. Егер жоба жүзеге асса, бұл агенттіктің жер жаһандағы биологиялық қауіпсіздікті күшейтеріне сенеміз.

Джеймс Ревилл, БҰҰ Жаппай қырып-жою қаруы және ғарыш қауіпсіздігі бағдарламасының басшысы:

- Дүниежүзі қазір ядролық қарусыздану мен оны таратпауға қатысты сын-қатерлермен бетпе-бет кездесіп отыр. Сондықтан бізге мәселені шешу үшін өзара диалогты күшейтіп, тың идеялар ұсыну қажет. Осы ретте Қазақстан биологиялық қарусыздануға қатысты бірқатар идея ұсынды. Қазір осы бастамаларды жетілдіріп, жүзеге асыру жағын қарастыру керек деп ойлаймын.