Биылғы сайлаудың бәсі жоғары. Мәжіліс депутаттығына берілген бір мандатқа он адам таласса, облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттағы орынға 3-4 үміткерден тіркелген.
Қостанайда алдағы сайлау жайы пысықталып, Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров заңнамадағы өзгерістер мен саяси науқанның негізгі қағидаларына тоқталды. Ал бұл аймақта жарты миллионнан аса дауыс беруші бар. Олар жаңа ереже бойынша таңдаған кандидатын кері қайтара алады.
Константин Петров, ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:
- Сайланған депутат кейін сайлауалды бағдарламасындағы уәделерін орындамаса, халық оның мандатын кері шақырта алады. Бұл бірнеше сатыдан өтеді. Әуелі сайлаушылардың шамамен он проценті жиналып арыз жазады. Содан барып депутаттық мандатынан айыру жөнінде дауыс береді.
