Бағдат Мусин БҰҰ штаб-пәтерінде әйелдер мәртебесі туралы баяндады

БҰҰ-ның штаб пәтерінде әйелдер мәртебесі жөніндегі комиссияның 67-отырысы өтіп жатыр.

Әлемдегі қыз-келіншектердің құқығы және олардың күнделікті тұрмысына қазіргі инновациялар мен технологиялар қалай әсер етті деген ауқымды тақырып – әңгімеге арқау болды. Бұл маңызды шара наурыздың 17-не дейін жалғасады. Қазақстан делегациясын бастап барған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин елімізде осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндама жасады.

Нұрбек Бекен, тілші:

- БҰҰ штаб-пәтерінде өтіп жатқан сессияға әлемнің 190-нан астам мемлекетінен делегат қатысып жатыр. Үкіметтік емес ұйымдар, ғылыми- сараптамалық қауымдастықтың белді өкілдері де келген. 67-ші сессияның тақырыбы цифрлық технологиялар мен инновацияларды пайдалану арқылы әйелдердің жағдайын жақсарту және мүмкіндіктерін кеңейту. Сессияны ашқан БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш «гендерлік теңдік алшақтап барады. Әлі де әлемде әйелдерге қарсы қорлық азаймай отыр дейді.  

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

- Ауғанстанда әйелдер мен қыздарды қоғамда адам санамайды. Көптеген жерде әйелдердің жыныстық және репродуктивті құқы тапталып жатыр. Кейбір елдерде мектеп жасындағы қыздарды ұрлап кету, түрлі шабуылдардың құрбаны болу қаупі әлі бар. Гендерлік теңдік барған сайын алыстап барады. Ана өлімі көбейді. Жүктілік және босану кезінде әр 2 минут сайын бір әйел қайтыс болады.

Инновация мен технологиялар қазақ әйелдерінің жағдайына қалай ықпал етіп жатыр? Бұл тақырыпта цифрлық даму министрі Бағдат Мусин баяндама жасады. Оның айтуынша қазақстандық қыз-келіншектердің жағдай жақсы. Мәселен, Астана хабта тіркелген 1000 компания болса, онда жұмыс істейтін азаматтардың 61 проценті әйелдер.

Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

- 2018 жылы біз тіркеуді бастаған кезде әйелдер басқаратын компания бірен-саран ғана еді. Қазірі таңда сол 1000 компанияның ішінен 200-ден астамын, яғни 23 пайызын, 4\1-і әйелдер басқарады.  Әйелдер ол компанияларды құрған. Яғни бүгінгі таңда жағдай жақсарып келеді. 

Техникалық мамандық таңдайтын қыздардың да саны артқан. Былтыр Техорта бағдарламасы бойынша IT білім алу үшін 3000 ваучер таратылған. Соның 30 процентін әйелдер алған. 

Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

- Мына жылы да мен ойлаймын 35-40 пайызы әйел азаматтар жүгінеді. Ол дегеніміз әйелдердің техникалық мамандықтарға бет бұруы және IT стартаптар құруы және цифровизация ішінде жұмыс істеуі бізде кеңінен тарап жатыр.

Министрдің сөзінше Қазақстан президенті жанындағы Әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның белсенді жұмысының нәтижесінде әйелдерге цифрлық форматта қызмет көрсетуде де айтарлықтай жетістіктерге жетті.  Электронды үкіметті дамыту индексінде 193 елдің ішінде Қазақстан 28-орында тұр. Сонымен қатар сессияда Бағдат Мусин Орталық Азия елдерінің атынан бірлескен мәлімдеме жасады.