Еліміз Еуроодақпен виза режимін жеңілдетуді көздейді

Қазақстан Еуропалық одақпен виза режимін жеңілдету жөнінде келіссөздер жүргізбек ойда.

Айта кету керек, биылдан бастап біздің республика кәрі құрлық елдерінің азаматтары үшін визасыз режимді қайта іске қосқан болатын. Енді осы мәселеде қарымта жауап күтілуде. Бұл жөнінде бүгін сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мәлімдеді. Былтыр Қазақстан Албания, Андорра және Сербия елдерімен виза талаптарынан босату жөніндегі келісімге қол жеткізген болатын. Бұндай шара Черногорияға барамын деген отандастарымыз үшін де қолданылады.

Роман Василенко, ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары:

- Мәселе виза режимін жеңілтеду төңірегінде болып отыр. Яғни шенген визасының құнын қазақстандықтар үшін арзан қылу, қажетті құжаттардың тізімін азайту сынды сұрақтар қаралады. Еуропаның кей мемлекеттері құжат үстіне құжат сұратады. Бұл әрине біздің азаматтарымыз үшін өте ыңғайсыз. Егер осы мәселені шешсек, онда виза алу мерзімі де әлдеқайда қысқарады.