Сайлаудан кейін заң шығарушы органға кейбір популистер де келіп жайғасуы мүмкін деген күдік бар.
Сондықтан халық өз даусын нақты кімге берерін және кейін одан сайлауалды бағдарламасының орындалуын талап етуге тиіс. Еуропалық және Халықаралық саяси консультанттар қауымдастығының мүшесі, белгілі саясаттанушы Ассоль Мирманова осылай дейді. Еуразиялық интеграция институты «Ашық саясат» сараптамалық клубының кездесуінде жексенбіде болатын сайлаудың ерекшелігі мен саяси науқаннан кейінгі кезең сөз болған. Сарапшылар сайлауда халықтың жауапкершілігі жоғары дейді. Себебі осы сайлаудан кейін елде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі күшейе түседі деген үміт бар.
Ассоль Мирманова, саясаттанушы:
- Конститутциялық өзгеріс шеңберінде біз мажоритарлы жүйеге ауысамыз. Нәтижесінде бізде «императивті мандат» деген түсінік қалыптасады. Бұл белгілі бір депутаттарға нақты бір талап бойынша берілген мандат. Мысалы, мажоритарлы жүйе арқылы сайланған депутаттар халықтың талабы - сайлауалды уәдесін орындауы тиіс. Олай болмаған жағдайда халық шағымданып, оның мандатын кері қайтарады. Қарапайым сөзбен айтса, дептуат жұмыстан қуылады. Бұл біздің елдегі саяси процестерді дамытуға қажетті динамиканы қалыптастыру үшін жасалып отырған қадам. Яғни бірінші кезекте халық өз үміткеріне талап қойып, оның орындалуын қадағалайтын болады.
