Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстан облысының әкімін қабылдады.
Даниал Ахметов аймақтың әлеуметтік экономикалық даму көрсеткіштері жөнінде есеп беріп, жұмыс жоспарымен бөлісті. Оның айтуынша, былтыр облыс бойынша жалпы құны 2 трлн 194 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді. Құрылыс қарқыны да жаман емес. Өткен жылы өңірде 318 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалауға берілді. Аграрлы салаға келетін болсақ, Шығыс Қазақстан облысында майлы дақылдардың егістік ауданы ұлғайып, өсімдік майын өңдеу көлемі 1,8 есеге артты. Сонымен қатар Президентке облыстағы денсаулық сақтау және білім беру нысандары құрылысының барысы туралы баяндалды. Қазіргі кезде Өскемен қаласында гематология орталығы, Риддерде көпбейінді аурухана салынып жатыр. Ал, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша биыл өңірде 11 мектеп бой көтереді. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Даниал Ахметовке облыстағы ірі елді мекендердің коммуналдық инфрақұрылымын жаңғыртуға және жергілікті халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға байланысты бірқатар тапсырма берді.
