Президент Жетісу облысының әкімін қабылдады

Президент Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевты қабылдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кездесу барысында облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамыту шараларына баса назар аударылды. Мәселен, аймақта Ақсу қант зауытын іске қосу жұмыстары аяқталуға жақын. Биыл кәсіпорын 40 мың тоннаға дейін қант құрағын өндіруді жоспарлап отыр.

Жалпы, өңірде осы жылы 132 мың тоннаға дейін қант өндіріледі. Бұл облыстың қантқа деген қажеттілігін толық өтеп қана қоймай, өнімді басқа өңірлерге де жеткізуге мүмкіндік береді. 2026 жылға қарай қант қызылшасы алқабын екі есе ұлғайту көзделіп отыр.

Сонымен қатар, Жетісу облысындағы 22 елді мекенге газ құбыры тартылып, 288 мың тұрғын көгілдір отынға қол жеткізді. Жыл соңына дейін тағы 20 елді мекен газға қосылады.

Бұдан бөлек, 2025 жылға дейін облыста 23 мектеп салу жоспарланып отыр. Соның ішінде 10 мектеп «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілмек.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Бейбіт Исабаевқа  инвестиция тарту үшін туризм, көлік және логистика салаларының әлеуетін барынша тиімді пайдалануды тапсырды.