Аралас сайлау жүйесінің пайдасы – осы. Сарапшылар партиялар арасындағы бәсекелестік елдің дамуына сеп болады дейді. Бұл сайлауда электораттарға бірнеше түсті бюллетень беріледі. Ал дауыс беруге құқылы 12 млнннан аса азамат бар. Оларға 24 млннан аса бюллетень дайындалып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Биылғы сайлаудың басты ерекшелігі – мажоритарлы жүйенің оралуы. Бұл төменгі палатаға деген тартысты қыздырады, - дейді сарапшылар. Ашығын айту керек, соңғы жылдары халық арасында «депуттарды танымаймыз, бейнесін де, бейнетін де» көрмедік деген сын көп айтылды. Енді мажоритарлы жүйе бұл мәселені шешуі мүмкін. Себебі қараша партияны ғана емес, жеке кандидатты да таңдай алады.
Ерлан Ахмеди, саяси сарапшы:
- Бұрынғыдай тек пропарционалдық, яғни партиялық тізімге дауыс бермей, нақты белгілі тұлғаларға дауыс бере алады. Яғни, Мәжілістегі 69 орын партиялық тізіммен жасақталады, қалған 29 орын бір мандаттық округтан, яғни облыстардан азаматтар сайланатын болады. Халықтың саясатқа деген сағынышын, шөлдеп жүріп, су іздегендей біз демократияға осылай сағынып келген болатынбыз деп айтуға болады. Өйткені азаматтардың белсенділігін баршамсыз байқап отырмыз. Әсіресе бір мандаттық округте жасына қарамай жастар да қатысып жатыр.
Сөзсіз, бұл саяси жүйеге серпіліс әкеледі. Ендігі мәселе тұрғындардың белсенділігінде. Сайлау адал әрі әділ өтуі үшін әр бюллетень бос кетпеуі керек. Тағдыршешті күнде таңдау жасау талқыға түспейді, - дейді сарапшылар. Олардың айтуынша, талап-тілегіне таңдау арқылы жеткісі келетіндердің қарасы қалың. Белсенділік жоғары.
Алуа Жолдыбалина, ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары:
- Міндетті түрде дауыс беру керек. Не себептен? Себебі ертең біздің мүддемізді, сөзімізді Парламентте немесе мәслихатта қорғайтын – депуттар, біз олардан талап ете алуымыз керек. Олардан сұрау саламыз, ертең олармен кездесеміз. Сол деңгейде өзіміздің мүддемізді қорғайтын адамдарға дауыс беруіміз керек. Бүгінде халықтың белсенділігі жоғары. Ол жыл сайын ұлғаяды.
Дауыс беру арқылы тұрғындар өзінің азаматтық позициясын көрсете алады. Әсіресе дұрыс таңдау аймақтарды дамытуға сеп береді, - дейді мамандар. Себебі өңірдің өзекті мәселелерін Парламент қабырғасында көтере алатын кандидат жеңіске жетсе, талай түйіткілдің түйіні тарқайды. Сол үшін азаматтардың белсенді болуы маңызды. Әзірге сарапшылар бұл бағытта оң өзгеріс байқап отырғанын айтады.
Авторы: Бекзат Аманов.
