loader


12 млн-ға жуық қазақстандық сайлауда дауыс беруге құқылы

Ықпалды Мәжіліс пен мәслихаттар еліміздегі саяси реформаларды халық пайдасына іске асыруға жол ашады, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Сондықтан алдағы сайлауда әр адамның дауысы маңызды», - дейді мәдениет пен өнер қайраткерлері. Олардың айтуынша, осы жолғы додада барлық партия мен кандидатқа бірдей мүмкіндік берілген.

Айта кетейік, алдағы жексенбі күні 12 млн-ға жуық қазақстандықтың дауыс беру құқығы бар.

Баянғали Әлімжанов, ақын, жазушы:

- Бұл ерекше, қызық сайлау. Бұған қаншама партия, қаншама жеке адамдар қатысып жатыр. Әрқайсының өз көзқарасы бар. Пікірлері сан алуан. Бұл керек. Пікірталас, көзқарас алуандығы болған жерде шындық табылады.

Серікзат Дүйсенғазы, айтыскер ақын:

- Бұрынғыдай билік партиясы басқа партия деген жоқ. Қазір партиялардың бәрі бірдей. Сонымен қатар жаңағы жеке азаматтарға мүмкіндік беріліп жатыр. Сондықтан өзіміз таңдаған азаматтарымызды солардың Парламентке өтіп, келешекте заңдарымыздың дұрыс болуына, мемлекеттік-қоғамдық мәселелердің реттелуіне біз ықпал етуіміз керек.

Сырым Қашқабаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

- Өзінің болашағын, өзінің бала-шағасының болашағын ойлаған әрбір азамат бару керек. Ең бастысы, қазір сайлауға түсіп, депутаттықтан үміткер сайлауға түсіп жатқан азаматтардың ішінде халықтың көңілінен шығатын, халықтың сөзін сөйлейтін, халықтың мұң-мұқтажын ойлайтын адамға дауыс беру керек.

Ал партиялар мен кандидаттардың уәдесі қандай? Оны бүгін «Хабар» телеарнасынан көріп біле аласыздар. Кешкі сағат 20:00-де Парламент Мәжілісі кандидаттарының сайлауалды дебаты өтеді. Қапы қалмаңыз!

 

Сондай-ақ...