Мәжіліс сайлауының барысын ТМД байқаушылар миссиясы бақылайды

Алдағы мәслихаттар мен мәжіліс сайлауының барысын ТМД байқаушылар миссиясы да бақылайды.

Бас-аяғы 196 байқаушы тіркелді. Қазір олар елдегі сайлау учаскелерінде жұмыс істеп жатыр. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровпен кездесуінде ТМД байқаушылар миссиясының басшысы Леонид Анфимов жауапты додаға дайындық барысын жоғары бағалады. Оның сөзінше, байқаушылар әзірге ешбір заң бұзушылықты тіркемеген. Жалпы елде кандидаттардың үгіт-насихат науқаны аяқталып қалды. Ертең электоратты оқыту жұмыстары қорытындыланады. 86 мың сайлау комиссиясының мүшесі тест тапсырды. Олардың ішінде білімін дәлелдеп, сертификат алғандары ғана саяси науқанды бақылауға мүмкіндік алады.

Леонид Анфимов, ТМД Байқаушылар миссиясының басшысы:

- Сайлау комиссияларының мүшелері жоғары кәсібилігін кезекті рет дәлелдеп жатыр. Олар науқанға ерекше жауапкерішілікпен қарайды. Сайлау учаскелерін дайындаудан бастап, сайлаушылармен етене жұмыс істеуі бізді тәнті етті. Ерекше қажеттілігі бар сайлаушыларға да жағдай жасалған. Ертең біздің қысқа мерзімді байқаушыларымыз жұмысына кіріседі. Осы сайлаудың барысы жайлы толық бағамызды 20 наурызда береміз.