«Хабар» арнасында тікелей эфирде телевизиялық дебат өтті.
Сайысқа Парламент Мәжілісі сайлауына түсетін саяси партиялардың өкілдері қатысты. Теледебат 3 кезеңнен тұрды. Бірінші раунд «Партияның таныстырылымы». Бұл раундтың өзі екі турға бөлінген. Алғашқысында қатысушылар өз партиясын таныстырды. Оған 2 минут уақыт берілді. Бірінші раундтың екінші турында тараптар өзі таңдаған қарсыласына бір сұрақ қойды, сонымен қатар бір сауалға жауап берді. Екінші раунд - «Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы» деп аталды. Ол да екі турға бөлінген. Бірінші турда қатысушылар өздерінің сайлауалды бағдарламалары аясында елді әлеуметтік-экономикалық жағынан қалай дамытатынын айтты. Ал екінші раундтың екінші турында партия өкілдері «Хабар» агенттігі арнайы ұйымдастырған Call орталыққа көрерменнен келіп түскен бір сұраққа жауап берді. Үшінші раундта теледебат қатысушылары «Сайлаушыларға үндеу» жасады. Жалпы пікірсайыс 2 сағатқа созылды.
