Маңғыстаулықтар сайлауға ұлттық киіммен келді. LIVE

Қазақы салт-дәстүрді ерекше дәріптейтін өңірдің бірі – Маңғыстауда 247 сайлау учаскесі бар. Әз Наурыз мейрамы алдында өтіп жатқан саяси науқанға ауыл, қала халқы ұлттық киіммен келіп, өз таңдауын жасап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Талғат Исламұлы, тілші:

- Маңғыстаулықтар Наурыз мерекесін айдың 13-нен бастап жылдың басы деп тойлайды. Жасы кішінің үлкенге көрісіп баруы әлі де жалғасып жатыр. Біз тұрған Баянды ауылының тұрғындары бүгін сайлау учаскелеріне ұлттық киіммен келді. Бірін бірі көрмегендері құшақ жая көрісіп, бұдан соң дауыс беріп жатқанын байқадық. Өз таңдауын жасаған тұрғындарға ұлттық сусын, бауырсақ ұсынылып, учаскеде ән әуелеп мерекелік көңіл күй сезіліп тұр. Баяндыда 8 мыңдай адам тұрады. Биыл Маңғыстауда ішімдіктен бас тартқан алғашқы елдімекен ретінде көпке үлгі болды.

Жалпы, аймақ бойынша 247 сайлау учаскесі ашық. Оларда 8 аумақтық, 118 округтік және 247 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Облыста 418 мың сайлаушы тіркелген. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бүгін 15 инватакси қызмет көрсетеді. Облыста қоғамдық көліктер жолаушыларды тегін тасымалдап жатыр.