ОСК: Сайлаушылардың 54,19 %-ы дауыс берді

Елдегі сайлаушылардың тең жартысынан астамы дауыс берді.

Дәл қазір Орталық сайлау комиссиясының брифингіне қатысқан әріптесім Бақыт Топтаева тікелей байланысқа шығып, соңғы мағлұматтармен бөлісуге әзір тұр.

Бақыт Топтаева, тілші:

- Орталық сайлау комиссиясы жариялағандай, Астана уақытымен сағат 22:00-дегі жағдай бойынша сайлаушылардың 54,19 % проценті дауыс берген. Яғни 6 млн 521 мыңнан астам сайлаушы конституциялық құқығын іске асырып, таңдауын жасады.

Белсенді аймақтардың үштігі соңғы сағатта сәл өзгерді.

Кызылорда 67,21%

Солтүстік Қазақстан 65,25%

Жамбыл 65,21% сайлаушы дауыс берді. Үздіктердің үштігінде болған Қостанай облысы да 65,1 пайызбен белсенді аймақтардың қатарында. 

Жалпы он жеті  облыстағы сайлаушылардың тең жарымынан астамы таңдау жасады. Ең төменгі көрсеткіш еліміздің үш мегаполисінде тіркелген.  Белсенділігі төмен электорат Алматы шаһарында болғаны баршаға аян.

Еске сала кетсек, аралас жүйе бойынша Парламент және мәслихаттар сайлауы 2004 жылы өткен еді. Он партиялық тізім бойынша кандидаттар сайланғанда, электорат белсенділігі 56,49% деңгейінде болған. Он жеті жыл бұрынғы тәжірибемен салыстырсақ, мұндай жүйемен дауыс беру көрсеткішінің шамалас шыққанын көріп отырмыз. Демек, сайлаушылардың бүгінгі белсенділігі қалыпты жағдай болуы мүмкін. Оны енді сарапшылардың талдауына қалдырсақ. 

Орталық сайлау комиссиясы қорытынды статистиканы ертең жариялайды. Өйткені, шет мемлекеттердегі учаскелер жұмысын әлі жалғастырып жатыр. Ең соңғы болып жабылатын сайлау учаскесі АҚШтағы Сан Франциско қаласында орналасқан.

Бүгінгі сайлаудың нақты қорытындысын Конституциялық заңға сәйкес алдағы он күннің ішінде жариялайтын болады.