ҚР Премьер-министрі Ма Синжуймен кездесті
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов елімізге алғаш рет сапармен келген ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы ҚКП партия комитетінің хатшысы, 20-шақырылымдағы ҚКП ОК Саяси бюросының мүшесі Ма Синжуймен сауда-экономикалық ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады, деп хабарлайды primeminister.kz.
Премьер-Министр Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі екенін атап өтті, оның жалпы тауар айналымы құрылымындағы үлесі 18%-ды құрайды. Мәселен, өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 34%-ға өсіп, $24 млрд-тан асты, бұл 30 жыл ішінде қол жеткізілген жаңа рекордтық көрсеткіш болды. Сонымен қатар ол өзара сауда көлемінің 40%-дан астамы ШҰАА-ға тиесілі екенін айтты.
«Екі мемлекет басшыларының 2030 жылға қарай тауар айналымын $35 млрд-қа дейін ұлғайту жөніндегі міндетін ескеретін болсақ, Қазақстанның Шыңжаңмен өзара саудасы бұдан да зор маңызға ие болады. Біз қытайлық әріптестерімізбен бірге осынау биік мақсаттарға жету үшін бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз», — деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта өзара сауда-саттық қарқыны, оның ішінде шикізаттық емес, тауарлық позициялармен нығая түсуде. Осыған байланысты Премьер-Министр Қытайға 135 тауар түрі бойынша қазақстандық өнім экспортын $1 млрд-қа ұлғайта отырып, оң үрдісті қолдауды ұсынды.
Өзара іс-қимылдың маңызды бағыты инвестициялық ынтымақтастық, атап айтқанда, құны $21 млрд-тан асатын 52 бірлескен жобаны іске асыру болып отыр. Жалпы, Қытай Қазақстан экономикасына инвестиция салған елдердің ТОП-5 қатарына кіреді. Соңғы 15 жылда ҚХР-дан инвестициялардың жалпы ағыны $23 млрд-қа жетті.
«ШҰАА инвестициялық қоғамдастығын бірлескен жобаларға қатысуын кеңейтуге шақырамыз», — деді Премьер-Министр.
Әлихан Смайылов екіжақты байланыстарды дамытуда шекара маңындағы өңірлердің өзара іс-қимылы ерекше екенін айтты. Осыған байланысты ол Алматыда бірқатар өңіраралық келісімдер мен коммерциялық құжаттарға қол қою жоспарланып отырған шекара маңы ынтымақтастығының 2-ші Достық диалогын өткізудің маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде Ма Синжуй Қазақстан мен Қытайды тығыз экономикалық қарым-қатынастар байланыстыратынын атап өтіп, ШҰАА ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, энергетика, логистика, білім беру, инновация және т. б. бағыттар бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты жандандыруға дайын екенін мәлімдеді.
«Қытай мен Қазақстанға таулар мен өзендер ортақ, біз – тату көрші әрі серіктес елдерміз. Осы 30 жыл ішінде біздің елдеріміз екіжақты қарым-қатынасты өзара сенім рухында дамыта білді. Екі мемлекет басшылары бірлесіп ынтымақтастықты одан әрі кеңейту жоспарларын белгіледі. Біз түрлі салаларда қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыруымыз керек», — деді Ма Синжуй.
Кездесу барысында шекарадағы кедергілерді жою жөніндегі іс-қимылдарды үйлестіру мәселелері егжей-тегжейлі қозғалды. Бірлескен күш-жігердің арқасында шекаралық автомобиль бекеттерінің өткізу қабілетінің артуы байқалады, бұл екі елдің де экономикалық дамуына тиімді болып отыр.
Премьер-Министр бес пункттің екеуінде ауыл шаруашылығы өнімдерін жеделдетіп өткізу үшін «жасыл дәліздер» іске қосылғанына назар аударып, қалған үшеуінде, яғни: «Достық – Алашанькоу», «Майқапшағай – Зимунай» және «Қалжат – Дулаты» бекеттерінде оларды іске қосудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар Әлихан Смайылов қазақстандық жүк тасымалдаушыларға ҚХР-ға кіру үшін виза беру рәсімдерін жеделдету мәселесін көтерді, бұл жалпы тауар айналымының қарқынын арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясындағы ынтымақтастықты тереңдету перспективалары, «Қорғас» ШЫХО қызметін қалпына келтіру, бақылау-өткізу бекеттерін жаңғырту жөніндегі жоспарлар, трансшекаралық өзендерді пайдалану және басқа да бірқатар мәселелер талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша Тараптар екі елдің өзара тиімді әріптестігін одан әрі дамыту үшін барлық қажетті күш-жігерді жұмсауға дайын екендерін растады.